Абай атындағы орта мектепте ІТ сыныбы ашылды.
Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев, Құрманғазы аудандық партия филиалының төрағасы, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов, аталған партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары Сабыржан Сұлтанов пен Анар Қашуова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ Баяров, мектеп ұстаздары қатысты.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев ұстаздарды ІТ сыныбы ашылуымен құттықтап: - Елбасымыз алға қойған міндеттердің негізінде ізгілікті шаралар жалғасын табуда. Партиямыздың алға қойған мақсаттарының бірі Рухани жаңғыруға байланысты ІТ технологиялар сыныбын ашып, оқушыларға саналы да сапалы білім беруді жолға қою. Облыс орталығында да осындай орталықтар ашылып, онда білім алған ұстаздар елге келіп бұл жұмысты өз ауылдарында жалғастыруда. Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін жаңа бағыттарды, технологияларды терең меңгеруге тиіспіз. Бүгінгі шәкірттер ертеңгі болашағымыз! Олар мұнда жаһандық бәсекелестік талаптарына жауап беретіндей дәрежеде дайындалады деп есептейміз. Сондықтан бүгін ашылып жатырған ІТ сыныбы үлкен жолдың алғашқы қадамы болсын! Еліміз өсіп-өркендей берсін, - деген ізгі тілегін жеткізді. Аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы облыстан келген қонақтарға қош келдіңін айтып: - Елімізде цифрландыру бағытында жүргізіліп отырған саясатқа сәйкес аудан орталығындағы Абай атындағы орта мектепте ІТ сыныбы ашылып отыр. Елбасымыздың алдымызға қойған тапсырмаларының бірі - болашақ ұрпақты қазіргі заманауи талаптарға сай барлық дамыған ақпараттық жетістіктермен толық қамтамасыз ету. Бәріміз де болашақта жас ұрпақ оларды толық меңгеріп, білімді, білікті, саналы азаматтар болып қалыптасуы үшін қызмет жасап жатырғанымыз белгілі. Алдағы уақытта да осы жұмысымыз жалғасын табады деп ойлаймын,- деді. Жаңа сынып алдына керілген лентаны «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Б.Қарабаев пен аудандық филиал төрағасы Б.Шаяхметов қиды. Мұнда 16 компьютер қойылған. Сабақ түсіндіретін мультимедиа тақтасы, басқа да қажетті құралдар бар. ІТ сыныбын аралап көрген аудан әкімі Бибоз Байдәулетұлы аудандағы мектептер қыркүйек, қазан айларында кең жолақты интернетпен қамтылатынын, жаңа жылға дейін ВОЛС желісі әрбір мекемеге жеткізілетінін айтты. Сондай-ақ Азғыр өңіріндегі білім ұяларында спутник арқылы интернет желісінің жылдамдығы арттырылмақ. ІТ сыныбы ұстазы Нұрболат Өтеков қонақтарға, ұстаздар мен оқушыларға оның жұмыс жасау барысын түсіндірді.
Қанат ҒҰМАРОВ.