Ержүрек Елдостың ерлігі

(1 Vote)

Мектебіміздің 6 сынып оқушысы Елдос Мерекеұлы мұз астына түсіп кеткен ауылымыздың тұрғыны Лиза апамызды құтқарып қалды.

Жанкешті баланың бейбіт күндегі ерлігі еленбей қалмаса екен», - деп редакцияға Еңбекші жалпы орта мектебі директорының міндетін атқарушы Клара Олжабайқызы хабарласты.

Оқиғаның қалай өрбігенін Еңбекші ауылдық округіне қарасты Подхоз ауылының тұрғыны, зардап шегуші Лиза Елеусінованың өзінен сұрадық.

- Түс мезгілінде мал суаруға бардым. Кенеттен мұз ойылып кетіп, суға түсіп кеттім. Екі қолымды қанаттап жайып, жан-жағымдағы мұзды тіреп ұстап тұруға тырыстым. Өзеннің ағысы соншалықты қатты, тіпті, құлағыма дейін су кіре бастады. Жаным қысылғаннан «Құтқарыңдар, құтқарыңдар» деп айқайлай бердім. Бір уақытта менің даусымды естіген көрші бала Елдос жүгіріп қасыма жетті. «Апа қорықпаңыз, қазір шығарып аламын» деген батыр балам еш ойланбастан мұздың ойылған жеріне дейін жетіп, қолымнан тартып суық судан шығарып алды. Ержүрек Елдостың болашағы жарқын болсын деп аналық батамды бере отырып, саналы да рухты тәрбие беріп жатқан ата-анасы Мереке мен Қатираға,Еңбекші жалпы орта мектебі директорының міндетін атқарушы Клара Ермұханова бастағанпедагогикалық ұжымға шынайы алғысымды білдіремін - дейді Лиза апай.

Бейбіт күннің батырымен өзімен тілдескенімізде: - Менің бар ойым көрші апамды құтқару болды. Ажалдан арашалап, аман-есен отбасымен қауыштырғым келді. Өз-өзіме, оны құтқаратыныма 100 пайыз сенімді болдым. Мұндай сәтте қорқынышқа бой алдырудың қажеті жоқ деп есептеймін. Өзім мектеп оқушысы болсам да, адам өмірін сақтап қалғаныма қуаныштымын. Алайда, менің орнымда өзге жандар болса да, осылай дереу әрекет ететініне күмәнім жоқ,- дейді Елдос Мерекеұлы.

Міне, бейбіт заманда да небір ерліктер жасалып жатыр. Өмір мен өлім қатар келген қас-қағым сәтте батылдық пен өжеттікті көрсеткен Елдостың жанкешті әрекеті кім-кімге де үлгі боларлықтай.  

 

Айнагүл Шакупова

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT