Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.
Оның төрағасы Ө.Тәжібаев аталмыш кеңестің 2018 жылға арналған жұмыс жоспарына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. «Ауылдық округтердегі діни ахуалды тұрақтандыру бағытындағы жалпы атқарылып жатқан шаралар» туралы Құрманғазы, Ақкөл, Жаңаталап ауылдық округтері әкімдерінің міндетін атқарушылар Э.Азатов, Р.Нұғыманов, С.Құбашев және Шортанбай, Кудряшов ауылдық округінің әкімдері С.Нәбидоллаев, С.Ертілеуов, Еңбекші ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы М.Өтеуғалиев хабарлама жасады. Кеңес төрағасы Ө.Тәжібаев Құрманғазы ауылдық округ әкімі аппаратына дін ұстанушылардың нақты тізімін шығаруды және «Темірәлі» мешітінің сыртқы тазалығын қатаң қадағалауда ұстауды тапсырды. Қалған ауылдық округтер намазхандардың санын ұсынып қана қоймай, олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізудің тиімді жолдарын қарастыруды міндеттеді.
Сонымен қатар, кеңес отырысында діни экстремизм мен лаңкестіктің алдын алу мақсатында радикалды экстремистік ұйымдардың идеологиясын әшкерелеп, халық арасында үнемі үгіт-насихат шараларын жүргізу, діни қызметкерлер кадрларын даярлау мәселелері көтерілді.
Келесі кезекте «Ауданның барлық мектептерінде, дәстүрлі діни құндылықтарды насихаттау, діни экстремизм мен радикализмді алдын алу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелері» туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаева хабарламасын ұсынды. Ол аудан бойынша діни бағытқа бейім ата-аналар саны 47 отбасы, яғни 85 ата-ана екендігін, оның ішінде мектепке баратын оқушылар 24-ті құрайтынын хабардар етті.
Кеңес төрағасы Ө.Тәжібаев алдағы оқу жылында білім ұяларына оралатын қыз балалардың мектеп формаларын сақтауларына аса мән берілу қажеттігін ескертіп, алғашқы қоңырау салтанатында орамал тағып келетіндердің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
А.ШАКУПОВА.