ҰБТ ұрлық жасауды кешірмейді

(0 Votes)

Білім беру жүйесін тиімді құра білген елдің еңсесі де биік, абыройы да жоғары. Бұл уақыт ағымы дәлелдеген шындық. Болашақ баспалдағының негізі біліммен қаланса, бағынбайтын биік, алынбайтын асу жоқ.

Тарыдай болған бүлдіршіндерді таудай етіп шығаратын мектептердің мақсаты да осы – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Ал бұл аламанда тек мықтылардың топ жаратыны ақиқат. Оларды анықтап, 11 жылдық білімін саралайтын ҰБТ екені белгілі. Жылдағы дәстүр бойынша мектеп бітіруші түлек пен ата-ана, ұстаздардың дегбірін қашыратын бұл сынақтың да басталуына аз уақыт қалды. Әлеуеті әртүрлі оқушылар шама-шарқынша тестілеуден өтеді. Олардың барлығы да жоғары балл жинап, грант жеңіп алуды армандайды. Былтырдан бастап тестілеудің бағыты мен форматына өзгеріс енгізілді. Яғни, «Үздік аттестат», «Алтын белгі» иегерлері мектеп бітіру емтихандарынан соң анықталады. Демек, әр мектеп өз мықтысын анықтайды деген сөз. Жалпы, аудан бойынша биылғы жылы 574 оқушы бітіреді. Оның 325- і тестілеуге қатысуға өтініш білдірген. Жылдан-жылға ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірмейтіндердің саны артып келеді. Аудан бойынша білім сапасы жоғары рейтингті иемденіп келетін мектептерде түлектердің 100 пайыз қатысы жүзеге аспай отыр. Демек, өздеріне сенімсіз. Алайда, мемлекет үшін әрбір түлектің тағдыры маңызды. Бұл оқушылар қайтсе де, бір мамандықтың тұтқасын ұстап, дипломын алуы керек. Осыған орай, Елбасы Н.Назарбаев өз Жолдауында 2017 жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылғанын, аталған бітірушілер жұмысшы мамандығын тегін алатынын айтқан болатын. Мектеп бітірушілерге ұлттық бірыңғай тестілеу ең маңызды сынақ екені белгілі. Себебі, бірыңғай жүйе оқушылардың болашақ мамандықтарын таңдауына мүмкіндік береді. Тестілеудегі жинаған ұпайы жастардың жоғары оқу орнына түсуіне жол ашады.

Ал түлектер үшін ҰБТ-да қажетті балды жинай алмау – үлкен психологиялық дағдарыс. Ал қатты күйзелістің соңы келеңсіз жағдайларға әкеліп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан мектеп бітірушінің тестке дайындығына ұстаз, мектеп басшысы, сондай-ақ, ата-ана да жауапты. Бұл әрине, баламен бірге оқу материалдарын жаттап ал деген сөз емес. Оларға алдымен, психологиялық тұрғыдағы көмек қажет. Ауданымыздың мектеп директорлары оқушылар тестке шама-шарқына қарай өзі дайындалатынын айтады. «Бірақ, бұдан мұғалімнің жауапкершілігі төмендемеуі тиіс. Мектеп қабырғасында өткен тақырыптарды баланың қалай игергені ұстазына байланысты. Түлектердің жетістігі – педагог жұмысының нәтижесі деп бағаланады. Сондықтан, пән мұғалімдері бітірушілердің дайындығын пысықтап отырады», – дейді басшылар. Тестілеуге қатысатын оқушылар тас түйін дайындықпен баруға тырысады. Соның ішінде 11 жыл бойы көз майын тауысып, зейінін қойып, кітапқа телміргендердің еңбегі зая кетпейді. Ата-ананың үмітін ақтап, мектебінің мерейін тасытып жатқан оқушыларға жылда куә болып келеміз. Ал сынақ болатын жылы ғана ұйқыдан оянып, қосымша сабақ сұрап жүретін түлектер де жиі ұшырасады. Олардың қайсыбірі өз-өздеріне сенімсіздік танытып, «шпаргалка» дегенді сатып алады. Тіпті «шпаргалканы қалай қолда-намын?» деп әуре-сарсаңға түсетіндер де бар. Одан қалды, ғаламтор желісінде «ҰБТ-ның жауаптары – 2017», «ҰБТ-ға арналған шпаргалкалар» дүниесін қомақты қаржыға сатып жатқандарды да көреміз. Қай ата-ана бауыр еті баласының жоғары балл алғанын қаламайды дейсіз?!

Дайындық курстарына жібереді. Әйтеуір, ұл-қызының ойдағыдай балл жинап шығуы үшін қолдан келгенін аянып қалмайды. ҰБТ кезінде тестілеу өткізетін жерге барып көрген адамға мына бір көрініс жақсы таныс болуы мүмкін. Тест тапсыратын түлектің ата-анасы, туыстары, мұғалімдері, қала берді келесі лекте ҰБТ-ға қатысатын талапкердің бәрі таң атпай сынақ болатын пунктке жиналу «дәстүрге» айналған. Тестілеудің қалай өтетінін бақылап, сынақ тапсырушыға қолдау көрсеткен дұрыс. Бірақ, бұдан үміткерге келер пайда бар ма? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Қолдаймыз деп, керісінше тәртіп бұзып, тест тапсырушыларға үрей мен жайсыздық туғызып жататындарын ойламай ма? Жалпы, үміттен гөрі үрейге көп бой алдыратын мектеп бітірушінің жай-күйін түсінуге болады. Себебі, ол «ҰБТ-дан сүрінбей өтуге тиіссің!» деп үлкен жауапкершілік жүктеп қоятын ата-анасы мен ұстаздарының көздеген үдесінен шығуды ойлап, жыл бойы алаңдаумен жүреді. Сынақтан жоғары балл жинай алмаса, өзгені қойып, алдымен осы «жақындарының» қыспағында қалатыны анық. «Пәленшенің баласы құрлы болмадың» деген айыптаулар айтылып қалуы да бек мүмкін мұндайда. Бұған «мектеп көрсеткішін төмендеттің» деп шүйілетін мұғалім мен директорды қосыңыз. Сондықтан, білім алған алтын ұясының, ауданның, оның арғы жағында өңірдің абыройы үшін барын салып тестке дайындалатын шәкірттің қандай психологиялық қысым көретінін іштей шамалай беріңіз. Түлектердің барлығында да «білім грантын жеңіп алсам», «жоғары маман иесі атансам» деген армандары бар. Алайда былтырдан бастап ҰБТ –ға өзгеріс енгізіліп, оған қояр талап та күшейген. Сол себепті жауапкершіліктің қаншалықты екенін әрбір ата-ана, мектеп бітіру¬ші де сезінгені дұрыс. Ұстаздар 11 жыл берген білімінің нәтижесін көрмек. Сондықтан да сол жемістің қаншалықты дәмді болатынын уақыт еншісіне қалдырайық. Тек әділдік пен шын мықтыны анықтайтын сынақта өмір жолын енді бастағалы тұрған түлектердің бағы жанса деп тілейміз.

А.ШАКУПОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT