Абай атындағы жалпы орта мектепте ата-аналардың жалпыұлттық жиналысы өтті.
Оны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Қашуова жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырып, отбасы құндылықтарын насихаттау және оның мектеппен байланысын нығайту бағытында, сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын білім ошағында жүзеге асырылуы жөнінде баяндама жасады. 11 сынып білім алушыларын қорытынды аттестаттау және оқу жылының қорытындылары бойынша мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Р.Сахаевтың хабарламасы тыңдалды. Ол білім ұясының сапа көрсеткіші, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, жаңартылған білім мазмұны туралы біршама ақпараттармен қанықтырды.
Мектептегі қорғаншылық кеңестің қызметі, негізгі бағыттары, құрамы жөнінде әлеуметтік педагог Л.Өмірзақова хабардар етті. Оқу процесін цифрландырудың мол мүмкіндіктерін, әдістемелік көмектерін алға тартқан тәжірибелі ұстаз М.Жандыбаева «Білім Ленд» контенті, «Күнделік kz», «электрондық оқулық» туралы мәліметтер беріп, алдағы уақытта мектепте робототехника кабинеті ашылып, 7 сыныптан бастап оқушылар оның игілігін көре алатыны жөнінде жағымды жаңалығымен бөлісті. Аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Сапарова келесі оқу жылынан бастап облыс бойынша бірыңғай мектеп формасы енгізілетінін айтып, оның кез келген отбасы үшін тиімділігін тілге тиек етті. Жыл бойы қоғамдық жұмыстарға белсенділік танытумен келетін бір топ ата-аналарды аудандық білім бөлімінің басшысы Г.Құбаеваның Алғыс хаттарымен марапаттады. Құрманғазы ауылдық округінің әкімі, мектеп жанынан құрылған қамқоршылық кеңестің мүшесі М.Мұғалім күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығын жеткізсе, психолог Г.Үмбетова суицидтің алдын алу бағытына тоқталды.
Білім ошағының инспекторы Д.Қаратаева алда келе жатқан жазғы демалыстағы оқушылардың өмір қауіпсіздігі, құқық бұзушылықты болдырмау бойынша мәселелерді қозғады. Ата-аналар атынан сөз алған Р.Нұрышев бірыңғай мектеп формасындағы қыз балаларға арналған етектің ұзындығына келіспеушілігін білдірсе, З.Ертаева көтерілген мәселелерді қуаттайтынын жеткізді. Жиналысты қорытындылаған мектеп директоры Н.Хасанова білім саласындағы жаңалықтардың жас ұрпақ үшін берер игі тұстарын, артықшылықтарын айтып, «ұстаз, оқушы, ата-ана» деген үштік одақтың алға қарай да бірлесіп, оң нәтижелерге қол жеткізулерін тіледі.
А.ШАКУПОВА.