Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов бастаған депутаттар, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева Азғыр өңіріне үш күндік сапармен барды.
Сапар барысында облыс әкімінің тапсырмасына орай осындағы Құрманғазы, Момышұлы, Балқұдық, Сүйіндік, Лабай мектептері директорларының жыл ішінде атқарған жұмысы туралы есебі тыңдалып, білім сапасы, түлектердің ҰБТ-ге қатысу мәселесі талқыланды. Кеткен кемшіліктер, олардың орын алу себептері жайлы сөз қозғалды. Ертелетіп жүретін аудан басшысы Азғыр өңіріне сапарын өткен сейсенбі күні Үштаған ауылындағы Құрманғазы орта мектебінен бастады. Есеп беру жиналысын аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева ашып, күн тәртібімен таныстырды. Бұл мектеп күйші есімін 1957 жылы иеленген. 220 орындық типтік үлгідегі ғимарат 2006 жылы пайдалануға берілген. 154 оқушы, 25 ұстаз бар. 24 бала жатақханада тәрбиеленуде.
Өткен жылы 1397000 теңгенің оқу құрал-жабдықтары, 4 дана компьютер, 6 мультимедиалық проекторлар, 17 тақта, 15 моноблок, 30 парта және т.б. алынған. Биыл бітіргелі отырған 11 түлектің 5-і ҰБТ-ге қатыспақ. 47 бала жаңартылған білім мазмұны бойынша оқытылуда. Білім ұясында әдістемелік кеңес, «Ілтипат» қауымдастығы жұмыс жасайды. Осыларды және басқа да атқарылған оқу-тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды атаған мектеп директоры Уәлихан Сағынғалиев есеп беру хабарламасында физика, математика пәндері мұғалімдерінің жетіспейтініне, жатақханаға күрделі жөндеу керектігіне тоқталды. Хабарлама тыңдалғаннан кейін әңгіме бастауыш сыныптағы білім сапасын көтеру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, түлектердің ҰБТ-ге қатысы, ата-аналармен жұмыс төңірегінде өрбіді. Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Қалмұқашева, кәсіподақ комитетінің төрағасы Шайхымеден Қабиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева өз пікірлерін ортаға салды. Директордың жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді. Есеп беруді қорытындылаған аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Бұл облыс бойынша екінші тұрған мәселе. Білім сапасының көрсеткіші алдымен ұстаздардың біліктілігіне байланысты. Әр мектепке келіп жүргеніміз де осыны анықтау. Бастауыш сынып мұғалімінің қойған бағасының стандартқа сай болуы - өмір талабы. ҰБТ-ге жаңаша көзқарас, оған қатысушы оқушыға сырттан көмек болмайтыны біртіндеп өз нәтижесін беріп жатыр.
Ата-аналар мен бастауыш сынып мұғалімдері осыны жақсы түсініп, баланы бағалауда әділдіктен ауытқымағаны жөн. Бастауышта жақсы оқыған оқушының одан кейінгі сыныптарда сол деңгейден көріне алмауы жиі кездеседі. «Алтын белгі» алған баланың тестіден сүрінуі ол үшін моральдық жағынан да ауыр соққы. Елдің, қатарластарының бетіне қалай қарайды?Ұстаздар осы жағын ойланыңыздар. Ертеңгі күні елді басқаратын, Тәуелсіздікті ұстайтын азаматтардың бәрі бірдей қаладан емес, дұрыс білім берсе ауылдан да шығады. Елбасымыз ұсынып отырған «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын жастардың ауданымыздан табылмауы бізді қынжылтады.
Сондықтан әрбір мұғалім өз ісіне сыни көзқараспен қарауы тиіс, - деп білім сапасы мен ұстаздардың біліктілігін көтеруді, ата-аналардың балаларының сабақ үлгерімін қадағалап отыруын басты назарда ұстауды тапсырды. Асан ауылындағы Б.Момышұлы орта мектебінің директоры Құралай Илиясованың есеп беруінде 168 оқушы, 23 педагог бары, 98 баланың бір аусымда оқитыны, 60 оқушының тегін ыссы тамақпен қамтылып отырғаны айтылды. 16 оқу кабинетінің 9-ы қажетті құралдармен жабдықталған. Биыл 8 түлек бітіргелі отырса, оның 4-і ҰБТ-ге қатысады. Мектеп директоры атқарылған жұмыстарды одан әрі SWOT талдау арқылы түсіндірді. Сөйлеушілерден ұстаз Ертілеу Жұмабаев педагогикалық тәжірибеде аудан әкімінің ұстаздар арасына келіп, жүздесіп, атқарылған жұмыстарды тыңдауы бұған дейін болмағанын айтып, ризашылығын білдірді. Осы білім ордасында 37 жыл қызмет жасап келе жатқан тәжірибелі ұстаз Саламат Мырзағалиев мектеп директорының жұмысын қанағаттанарлық деп бағалап, интерактивті құралдар көбейсе деген ұсынысын айтты.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева:
- Аудандық деңгейдегі байқауларға қыр өңірінен жиі қатысасыздар. Мұнда бақылау-бағыттау жұмысы жақсы жолға қойылған, бірауыз ұжым бар. Дегенмен сапаны әлі де көтере түсіңіздер. Ол оқушылардың түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға, ҰБТ-ге қатысуымен дәлелденуі қажет. Сіздерде жақсы білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Бірақ, кейбір ұстаздарда ізденіс жетіспейді. Әрбір ұстаз өз бойында шығармашылық, жауапкершілік, іскерлік сияқты жақсы қасиеттерді дамытпайынша ұрпаққа заманауи тәрбие беру қиынға соғады, - деді.
Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов Балқұдық, Сүйіндік, Лабай мектептерінің директорлары Ғазиз Сәрсеновтің, Жарқын Темеевтің, Күнсұлу Акмалиеваның есеп берулеріне де қатысты. Оларда да білім сапасын көтеру, бастауыш сыныпта бағалауды дұрыс жолға қою, ҰБТ-ге қатысу жайы талқыланды. Балқұдық орта мектебінде педагогтардың сапалық құрамы жақсы. Ұстаздардың түрлі курстардан өтуіне барлық жағдай туғызылған, бұл жағынан аудан бойынша жоғары орында. 28 түлектің 13-і тестіге қатысу ниетінде. Сүйіндік орта мектебіндегі спортзалдың жағдайы сын көтермейді. Еденінің төсеніші тозған.Биыл ҰБТ-ге 40 түлектің 13-і қатысады. 27-сі кәсіптік мамандықтарды таңдап отыр. Мектеп «Білім ленд» сайтына кіріп отыр, енді Күнделік kz –ке қосылуда. Бірақ, интернет нүктесінің жалғыз болуы қиындықтар туындатуда. Сүйіндік орта мектебінің директоры Ж.Темеев жаңартылған білім мазмұны бойынша өткізілетін семинар бір күнмен шектелмей, бес күнге созылса, ол ұстаздар үшін тиімді деген ұсынысын ортаға салды. Лабай мектебін бітіруші 5 оқушының 1-і ҰБТ қатысуды қалаған. Салынып жатқан жаңа мектеп ғимараты биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған мектептердің бәрінде де мектеп директорларының оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының пікірлері тыңдалып, есеп беру оларды қаулыға енгізумен қорытындыланды.
Қанат Ғұмаров.