Аудан мектептері дәстүрлі форматқа әзір

(0 Votes)

Ауданның мектептері жаңа оқу жылында дәстүрлі форматта білім беруге әзір. Өңірде 33 білім ошағы болса, биыл онда 10325 оқушы білім алғалы отыр.

Биылғы оқу жылындағы ең жақсы жаңалықтың бірі – 1 сыныптар үшін А.Байтұрсыновтың әдістемесі негізінде әзірленген «Әліппе» мен «Букварь» пәндерінің қайтарылуы. Бірінші қыркүйек күні мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға салтанатты түрде осы оқулықтар табыс етіледі. Биыл 1 сыныпқа балаларды қабылдау алғаш рет электронды форматта жүргізілді. Аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Тоты Меңдіханқызының айтуынша,  құжаттар арнайы egov порталы арқылы сәуір айының бірінен бастап, тамыз айына дейінгі аралықта қабылданды. Мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған 1125 оқушы портал арқылы тіркелді. 62 өтініш қағаз түрінле қабылданды. Нәтижесінде бүгінде бірінші сыныпқа 1187 бала барғалы отыр.

- «Алғашқы қоңырау» шарасы барлық карантиндік талаптар сақтала отырып, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, Білім және ғылым министрлігінің арнайы нұсқаулығы бойынша ұйымдастырылады. Оған тек 1 сынып оқушылары ғана қатысады. Қазіргі таңда балалар қауіпсіз ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалып отыр. Олармен жұмыс жүргізетін білім беру мекеме қызметкерлерінің 98,2 пайызы екпе алды. Ал медициналық қарсы көрсетілімі бар ұстаздар дәрігердің анықтамасы мен ПЦР сараптамасын тапсыру арқылы қызмет атқарады.

Жаңа оқу жылына дайындық барысындағы негізгі мәселе – оқушылардың оқулықпен қамтылуы. Қазіргі таңда мектептердегі бар оқулықтар толық таратылып берілді. Сабақ кестесі санитарлық талаптарға сай белгіленеді және оның ұзақтығы 45 минут болады. Болжам бойынша 5433 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады деп күтілуде. Жаңа оқу жылының басталуына байланысты қоғам алаңдап отырған ең басты мәселе – балалардың денсаулығы, қауіпті індеттен сақтану. Білім беру ұйымдарында оқыту дәстүрлі форматқа көшкендіктен, онда санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталады. Мектепке кіреберісте мұғалімдер мен техникалық қызметкерлерге, балаларды мектепке жеткізетін ата-аналарға Ashyq қосымшасын қолдану, білім беру ұйымдарын жеке қорғаныс және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етіледі. Адамдардың көп шоғырлануына жол бермеу мақсатында мектеп ғимаратында ұстаз бен оқушы, білім ұясының өзге қызметкерлері ғана жүре алады.  Сондай-ақ бетперде тағу міндетті. Бірінші тоқсанда балалар дәстүрлі форматта оқиды, дегенмен өңірдегі эпидемиологиялық жағдай ескерілетін болады, - деді аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева.   

А.Шакупова              

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521