Атырауда 1200 орындық мектеп пайдалануға берілді

(0 Votes)

«Атырау қаласының «Береке» ықшам ауданындағы №42 орта мектептің ашылу салтанаты болып, оған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов қатысты»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Егемендіктің 30 жылдық мерейтойында ашылған білім ордасы ұжымын, оқушылар мен ата-аналарды Тәуелсіздік күнімен және мектептің ашылуымен құттықтады.

«Тәуелсіздік жылдары білім беру саласына айрықша көңіл бөлінді. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылып келеді. Осы уақыт ішінде облыс бойынша 95 мектеп пен 7 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары салынып, пайдалануға берілді. Келер жылы облыс бойынша 8 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы іс-шараларды күшейте береміз. Өйткені, жас буынның алаңсыз, сапалы білім алуына жағдай жасау — біздің басты мақсатамыз»,-деді М.Досмұхамбетов.

Мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Ғабдолла Хамза сөз сөйлеп, мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарын атаулы мерекемен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Ол өз заманында қазіргідей бар жағдай қарастырылған мектепте білім алу арман болғанын жеткізді. Бүгінгі игіліктің барлығы Тәуелсіздіктің жемісі екенін айта келіп, осындай мүмкіндік қарастырған облыс басшылығына алғысын білдірді.

Тұрғындар саны артып, көпқабатты үйлер салынып, көркейіп келе жатқан «Береке» ықшам ауданы халқы үшін бұл ерекше қуаныш.

Өйткені, осы ықшам ауданның 824 баласы білім ошағының болмауынан қаладағы басқа мектептерде білім алып келген болатын. Олар бұдан былай өз үйлеріне жақын заманауи оқу орнында оқиды.

Айта кетейік, 1200 орындық екі қабат мектеп заманауи құрыл-жабдықтармен қамтылған. Мұнда 360 орындық мәжіліс залы, асхана, жазғы спорт алаңы мен спорт зал бар. Ал, спорт зал бокс, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, кіші аяқдоп спорт түрлеріне негізделіп салынған. Оған қоса мектепте арнайы қауіпсіздік үшін бейнебақылау бөлмесі қарастырылған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521