Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайында «Саналы ұрпақ – ұлт болашағы» атты ата-аналарға арналған республикалық тамыз конференциясы өтуде.
Оған республиканың түкпір-түкпірінен облыс, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымдары мен хатшылары, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер өкілдері, ата-аналар және педагогтар қатысуда. Атырау облысынан барған бір топ делегаттың ішінде аудан әкімінің орынбасары, аталған комиссияның төрайымы Гүлнар Хасанова, комиссия хатшысы Елшат Асқар, аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Анар Мусинаконференцияның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты.
Ашылу салтанатына ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Аида Балаева қатысып, форумға сәттілік тіледі. Келесі кезекте ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, қоғам қайраткері Нұркен Асанов конференцияда сөз алып, ата-аналармен пікір алмасты. Сонымен қатар, еуропалық ата-аналар бірлестігі мен «Parents International» коммерциялық емес ұйымының өкілдері өзара меморандумға қол қойды.
Конференция барасында оқушылары халықаралық олимпиадада топ жарған жаңашыл педагогтарға дипломдар мен сертификаттар табыс етілді. Модератор ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Рамазанова форум білім беру саласының табысты менеджерлерінің дәріс оқуымен жалғасын табатынын жеткізді.
Одан әрі делегаттар психология ғылымдарының докторы Паата Амонашвилидің, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Омар Жәлелұлының, отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың тренингтеріне қатысуға мүмкіндік алып, отбасы, бала тәрбиесі мәселесін талқылады. Форум қатысушыларына Шалва Амонашвилидің «Ізгілік педагогикасы» кітабы таратылды.
Айнагүл Шакупова