Алғашқы қоңырау салтанаты

(1 Vote)

Араға 1,5 жыл салып еліміздің білім ошақтары дәстүрлі форматта білім беруге көшті.

Сондықтан, алдағы уақытта оқушылардың лайықты білім алуына жағдай жасау – басты міндет. Карантинде үйде отырып, онлайн оқудан шаршаған оқушылар, Білім күнінде мектепке барып ұстаздар, достарымен қауышты. Сыңғырлаған қоңыраудың даусы жаңғырып, сан көңілге қуаныш орнап, білім ошақтарына қайта жан кіргендей... ​

Абай Ғасырдан астам тарихы бар, білімнің қарашаңырағы Абай орта мектебінде 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Кел, балалар, оқылық!» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Шараға қатысушылар ҚР-ның Мемлекеттік Туына қарап сап түзеп, жүрек тұсына қолдарын қосып Мемлекеттік Гимнді орындады. Алғашқы құттықтау сөз алған мектеп директорының міндетін атқарушы Руслан Сахаев биылғы жылы 1 сыныпқа 5 сыныпқа бөлінген 108 бүлдіршін қабылданып жатқанын қаперге беріп, барша оқушылардың жаңа қадамына сәттілік тіледі. ​Білім кілтін Елбасы медалі иегері А.Тілекқабыл, әліппе оқулығын үздік аттестатқа үміткер Ф.Қадыржанова, спорт кубогын халықаралық, республикалық спорт турнирлерінің жүлдегері Б.Сәбитов, өнер киесі – домбыраны Алтын белгіге үміткер А.Сәрсенбаева 1 сынып оқушыларына табыстады.

«Оқымысты мен Дымбілмес» көрінісі сахналанып, ұлттық рухты жаңғыртатын қайта оралған әліппе оқулығы мектеп табалдырығын алғаш аттаушы балғындарға ұсынылды. Білімге деген құшқарлықты оятатын алғашқы қоңырау соғу құрметіне М.Талап, А.Тұрмағамбет (1 а сыныбы), А.Сәкен, А.Болатова (1 б сыныбы), А.Идаятов, А.Сайын (1 в сыныбы), С.Шынайбек (1 г), Р.Шынболатова (1 г сыныбы), Н.Рафаэл, А.Серікқали (1 д сыныбы) ие болды. ​Мектептің жас әншісі А.Құспанәлі шараны әсерлі әнмен көмкеріп, мектеп директорының міндетін атқарушы Руслан Қадрешұлы мен 1 сынып оқушысы Ә.Абзал білім алушыларға дәстүрлі форматта құшағын кең ашқан оқу ордасы алдында керілген лентаны қиды.

b6419fb5-772b-4c02-954e-c50a3947a6db

Алтын ұяға асқан құлшыныспен, тың серпінмен енген бүлдіршіндерге «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында тәрбие шарасы ұйымдастырылды. Әуезов Тұғыры биік Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған сағынышқа толы «Кел, балалар, оқылық!» атты алғашқы қоңырау шарасында М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп 1 сыныпқа қадам басқалы отырған шәкірттерін үлкен салтанат үстінде қабылдады. Мектеп директоры Марат Ғилаев өзінің құттықтау тілегіне қоса, алда тұрған міндеттерді саралады. Биылғы оқу жылында білім ошағына 820 оқушы қабылданса, оның 85-і алғаш мектеп табалдырығын аттағалы отыр. ​1 сынып жетекшілері Ұлболсын Қажапова, Бибінұр Қапетова, Гүлбаршын Мақашова, Гүлсім Әмірханова, Айнаш Дангиева бүлдіршіндерімен ортаға шақырылып, өздерінің дайындаған сәлемдемелерін жолдады.

Мектеп түлегі Сымбат Мақсотова 1 сынып бүлдіршіндеріне ақ жол тілеп, «Әліппе» оқулығын табыстады. Ата-аналар атынан Қарлығаш Харесова және оқушылардың алғашқы ұстазы Гүлбаршын Мақашева жүрекжарды лебіздерін білдірді. ​Бұдан кейін салтанатты шара шалқыған ән, жүректі тербер жыр жолдарымен жалғасын тапты. 1 сыныпқа келген балақайлар күміс қоңырауды күмбірлете соғып, ұстаздарымен бірге әуеге шар ұшыру рәсімін жасады. Ломоносов Білім күніне орай салтанатты жиын М.В.Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінде де оздырылды. 800-ден астам оқушыға білім нәрін төгіп жүрген орыс білім ғимаратының 100-ге жуық бүлдіршіні бастауыш сыныпқа қабылданып, алғаш рет қалам мен дәптер ұстады. Қолдарына көк жалау, аспан түстес шар ұстаған бүлдіршіндерге «Әліпе» кітабы таратылып, құшақтарына гүл толтырған балақайлар алғашқы ұстаздарымен қауышты. ​Тек 1-сынып оқушыларына арналған салтанатты шарада алғы сөз алған мектеп директоры Т.Қадырбайқызы алғаш рет мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың қадамына нұр тілеп, жаңа оқу жылына табыс тіледі.

Білім күніне арналған саптық жиынның тізгінін Б.Анесов ұстап, шараны әсем ән мен тәтті күйге жалғады. Алтынсарин 1 Қыркүйек білім күнінде Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебіндегі салтанатты жиынның куәгері болдық. Айтулы күнде осы мектептің оқушылары білім ордасының табалдырығын аттады. Шараны мектеп директоры А.Каменова алғы сөзімен ашып, оқушы формасын алғаш киген балақайларға сәттілік тілеп, «Әліппе» кітабын үлестірді. 42 әріпті жаттатып, білімге құштарлығын арттырып, зейінін аштырар бұл кітапты алғаш сыйлыққа алған баланың балғын санасына оның да үлкен әсері тиері сөзсіз. Биыл 11-сыныпқа аттаған болашақ түлектердің де жүрек қағысы ерекше. Өйткені, олар үшін соғылған алғашқы қоңыраудың келер жылы үнін естімейтіні кеудесін тербеп тұр. ​​​​​

Е.Қалижан ​​​​​

А.Шакупова ​​​​​

Ж.Қайреден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521