Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Білім беру ісінің үздігі Ербол Махмотов өзі оқыған Жаңаталап ауылдық округі Хиуаз ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте болып, бірге оқыған сыныптастарымен, ұстаздармен, оқушылармен жүздесті.
Ербол Махмотов 1957 жылы 17 сәуірде Дәшін ауылында, Сахит Махмудұлы мен Үздік Сапарқызының отбасында дүниеге келген. 1964-1974 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірген. 1974-1979 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. Ол одан кейінгі өмір жолын ғылым саласына арнап, түрлі мекемелерде инженер, аға ғылыми қызметкер, оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор қызметтерін абыроймен атқарып, қызметтік баспалдақтардан өткен. Елі үшін еселі еңбек еткен тәжірибелі азамат, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. 1996-1997 жылдары АҚШ-тың Бостон қаласындағы Соффолк университетінің менеджмент курсында оқып білім дәрежесін көтерген. Білім ұясының ішін аралап, кітапханаға кітаптарын тарту етіп, өз атындағы үздік оқушы партасы қойылған химия кабинетіне қажетті оқу құралдарымен демеушілік жасайтынын жеткізді. Кездесуді Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Болатбек Саюпов ашып, қонағына Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туған жеріне келіп жатырған Е. Махмотовқа ризашылығын білдіріп, аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлығылап, сый-сияпатын жасап, шапан жапты. Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Олжас Тәжібаев та қонақжайлылық танытып, Алғыс хатын, естелік сыйлығын ұсынды. Шара барысында мектептің ардагер ұстаздары, профессордың сыныптастары сөйлеп, игі тілектерін жеткізіп, жергілікті өнерпаздар қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ербол Махмотов мектепке, ұстазына өзінің тарапынан сый-сияпаттар жасап, көрсетіліп жатқан құрмет үшін жерлестеріне жүрекжарды лебізін білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ.