2-і сыныптың баласы эссе жаза ала ма?

(0 Votes)

Қаз Му-дің журфагын бітірген баспасөз саласында 36 жыл жұмыс жасаған маған аяқ астынан эссе жаза сал десе, қиналамын әрине.

Өйткені, ол он ойланып жүз толғануды, санада біразырақ пісіріп барып жазатын әдеби жанр ғой. Ал, менің екінші сыныпта оқитын немереме ұстазы эссе жазып келу тапсырмасын берген. Бұл арада ұстазды кінәлаудан аулақпын, барша мектептерге берілген бағдарлама солай болса, ол эссе жаз демегенде қайтеді? Анасы, яғни келініміз бұл тапсырманы өзінше орындап отыр, бірақ, оның да жазғаны эссе деуге келе ме?

Баланың миын қатырып қойған заманға душар болдық. Басқа да пәндерден оқушыға берілген тапсырмаларды көрер болсаң, осының өзі рас па? –деген күмәнді ойға қаласың. Ылғи бір жасырын жұмбақ, жүйе деген қазір атымен жоқ. Оқулықтарға жүгінгің келсе, жөнді кітап кезіктіре алмайсың. Баяғыша бағалау әділ еді ғой, төменірек білсең, сол кездегі ұстаздарымыз айтқандай арық, не семіз 3-тік аласың. Білмесең құйрығы қайырылған 2-лік еншімізде. Екіңді құйрығыңа байлап «Кірпі» қабырға газетіне де шығарып қоятынын ұмытпаған боларсыздар. Білсең 4 пен 5 аласың. Біліміңе қарай әділ бағалау, бәсекелестік, ынталандыру деген осы еді ғой, шіркін! Қазіргі балалардан «тәуір баға алдың ба?» деп сұрар болсаң, «біржолата оқу тоқсаны біткенде бір қояды» деген жауап естисің. Ал керек болса? Мұның бәрі өзге елдерге шамадан тыс еліктеуден болған сорақылық. Біз, Тәуелсіз ел болғанымызбен көп нәрседен өзгенің көшірмесіміз. Өзіміз жаңаша бастап кетуге қауқарсыз екенбіз. Мәселен, құрылыс саласында «тендер» деген пәле шықты, оның миллион-миллардтарды «бірлесіп жеңдер» дегенін уақыт көрсетіп отыр. Жоғарыдағылар, немесе жұмысты жеңімпаздың қолына бергендер басындағы шапкасын бөліске салады дейді. Сосын қолдан-қолға ұсынып, нәтижесінде бүгін салынған құрылыстардың сапасыздықтан жарылып, құлап жатқанына, ақша жетпей тоқтап қалғанына, біреулердің қашып не сотталып кететініне көз де, құлақ та әбден үйреніп болды емес па? Міне, өзгеден үйренгеннің ақыр соңы.

Осы пәле шыққалы қанша миллиардтар желге ұшпады? Ал, бер жағында аналарға берілетін 21 мың үшін дауласып жүрген тірлігіміздің сиқы мынау!

Қайыра мектептегі жағдайға келсек, Тұңғыш Президенттің «дәрігер адам емдеуі, мұғалім бала оқытуы керек, қағаз бастылықты доғаратын кез жетті» деген талабы орындалып отырған жоқ. Ауылдық жердегі көзбен көріп отырған жағдай осыған саяды. Мұғалім біткен компьютермен қызмет көрсететін жерлерде кезек бермейді. Бума-бума көрнекіліктерін, қағаздарын бастырып, жанығып жүрген бір ұстаз. Одан шәкіртке берілетін білім сапасын қалай күтуге болады? Оқулығың әлгіндей, тапсырманың сиқы анау. Жаңа министр Асхат Аймағамбетов осыларға дереу тоқтам салып, білім саласындағы бетімен кеткен адам төзбеушілікті түзетер, дұрысы асқынып, әл берместей болған бұл жағдайға қарсы майдан ашар деген үміттеміз. Енді не болар екен?!

Таңатар Дәрелұлы,

Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің Бас редакторы,

ауданның «Құрметті Азаматы», Қазақстанның «Құрметті журналисі»

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT