Бұзауслан ауылында «ЗинДар» стоматологиялық клиникасы ашылды. Клиникаға ұзақ жылдар медицина саласында абыройлы еңбек еткен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Зинетолла Ақбанов пен жұбайы Дариғаның қысқартылған есімдері берілген.
Кіре берісіне З.Ақбановқа арнайы ескерткіш тақта орнатылып, бұрын жұмыс жасаған бөлмесі мұражайға айналдырылған. Мұражайда халықтың құрметі мен ыстық ықыласына бөленген ақ халатты абзал жанның тұтынған бұйымдары, марапаттары, әр жылдары түскен отбасылық суреттері және басқа бұйымдары қойылған.
Аталған клиниканың директоры Үздік Зинетоллақызының айтуынша тұрғындарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған заманауи ғимаратта хирургия, терапия, ортопедия кабинеттері бар, 2 дәрігер, 2 медбике тұрғындарға қызмет көрсетеді. Барлығы 6 адам жұмыспен қамтылған. Бір мезгілде 2-3 адамнан қабылдайды. Күн жарығы төгілген қос қабатты клиникада тіс дәріханасы да орналасқан.
«ЗинДар» клиникасының ашылу салтанатын жүргізген белгілі өнерпаз Болат Бидоллаев көзі тірісінде, 1997 жылы осы емхананың негізін қалаған Зинетолла Сұлтанғалиұлының өмірдерегін таныстырып өтті.
Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев:
– Біздер 1941 жылы туғандар «Майдангерлердің ұлы» дейтін топ құрған едік. Топ құрамындағыларға жекелеп ат қойғанда Зинетолланы өз арамызда «Пана» деп атайтынбыз. Ол жөнінде кезінде мақала да жаздым. Ерекше қасиеті мінезінде. Бәріне қамқор болып жүретін. Кез-келген адаммен тез тіл табатын. Ауырып қиналып келген адамдарды жылы сөзімен, жарқын мінезімен де емдейтін. Екіншіден білімін үнемі жетілдіріп, өз саласының майталманы болды. Осындай азаматтан айырылып қалу бізге де оңай тиген жоқ, – деп жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын, ашылып жатқан мекеме ел игілігіне жарасын, сыйлы орынға айналсын деген тілегін жеткізді.
Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қадырбай Жармұхамбетов: – Зинетолла, Болат марқомдармен бірге қайықпен Зорматы ауылына баратынбыз. Өскен жеріне деген сүйіспеншілігі күшті еді. «Бір кездері мұнда керемет ауыл болған, осында он жылдықты бітірдім, қалаған мамандығымды алып келген жерім», деп әңгімелейтін. Ол кезде жаспыз ғой. Одан кейінгі жылдарда басынан талай қиындықтарды өткізді. Халықпен тіл табысып жұмыс жасау, қызмет ету оңай емес. Кейбір дәрігерлерді көргенде: «Алдына келген адамға көмегін жасай алмаса несіне дәрігер болып отыр», деп ойлайтын жағдай кездеседі. Ал, Зинетолла білікті маман болғаны бәрімізге мәлім. Салмақты, сабырлы мінезімен, адал қызметімен елдің, тұрғындардың көңілінен шықты. Өз қатары ғана емес, аудан халқы сыйлады, – деп артында өшпес ізі қалғанын айтып, атын өшірмей клиника ашып жатқан ұрпақтарына ризашылығын білдірді.
Бірге жұмыс жасаған әріптесі Сағидолла Кулов 1992 жылы қиын кездерде, ауруханаларда орындар мен штаттар қысқарып, жалақы 2-3 айлап берілмей жатқанда бас дәрігер З.Ақбановтың медициналық қызметтің сапасын төмендетуге жол бермегенін еске алды. Ағайындары атынан жиен інісі Әбілхайыр Досқалиев, ұрпақтарынан Үздік Зинетоллақызы сөйлеп, ізгі тілектерін арнады.
Клиника алдына керілген лентаны Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары Өмірзақ Қажымғалиев, Қадырбай Жармұхамбетов пен Үздік Зинетоллақызы қиды. Шашу шашылып, қатысушылар ғимаратты аралап көрді.
Қанат ҒҰМАРОВ