Аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссия отырысын аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев ашып жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды.
«Аудан бойынша жол (ауылішілік кірме жол) және инфрақұрылымдар құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар» жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекция бөлімінің бас маманы Руслан Сиражев хабарлама жасады.
– Құрманғазы ауданында жергілікті маңызы бар 516,2 шақырым жол бар. Оның ішінде облыстық маңызы бары – 330,2, аудандық маңызы бары – 186,0 шақырым. «Ақкөл-Қызылоба-Жыланды-4 разъезд-Қиғаш» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарына 2020 жылы «Атырау жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Жоба құны 4 875, 930 млн. теңге. 2020 жылы 445,0 млн. теңге, 2021 жылы 575,0 млн. теңге қаржы бөлініп, игерілді. 2022 жылы 1 000,0 млн. теңге қаржы бөлініп, аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №192-VII сессиясымен қаржысы кері қайтарылды. Себебі, аталған мекеме игерілген қаржы бойынша толық көлемде жұмыстар жүргізбеуінен Атырау облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз берілді. Сот процесі күні бүгін жалғасуда. Қазіргі таңда 24 шақырым жолды қырып тегістеу жұмыстары жүргізіліп, 16 шақырым жолдың астыңғы қабаты төселді. Ақкөл ауылының ауылішілік жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстарына 976,4 млн. теңгеге «БекетСәтЖол» ЖШС-мен 2019 жылы келісімшарт жасақталды. 2022 жылға дейін 450,0 млн. теңге қаржы игерілді. 2022 жылы 200,0млн. теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілмеуі есебінен қаржысы игерілген жоқ. Соған сәйкес, 2022 жылы 14 желтоқсандағы №192-VII сессиясымен қаржысы кері қайтарылды. Бұдан бөлек, 2022 жылдың 6 қазанда Атырау облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз берілді. Соттың шығарған шешіміне аппеляциялық сот алқасына шағым беріліп, шығарылған қаулы бойынша айыппұл жүргізілуде.
Орлы ауылына кірме жол, ауылішілік жолды тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстарына 2021 жылдың 15 шілде күні №22 «Атырау жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Жоба құны 849,423 млн. теңге. 2021 жылы 288,278 млн. теңге игерілді. Құрылыс мерзімі 2021-2023 жылдарды қамтиды. 2022 жылы 538,7 млн. теңге қаржы бөлінді. Мердігер мекеме нысан бойынша құрылыс монтаж жұмыстарын уақытылы жүргізілмеуіне байланысты 523,7 млн. қаржысы игерілмей, аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 14 желтоқсандағы №192-VII сессиясымен қаржысы кері қайтарылды. Сонымен қатар, аталған мәселелер бойынша 2022 жылдың 6 қазанында Атырау облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз берілді. Соттың шығарған шешіміне аппеляциялық сот алқасына шағым беріліп, шығарылған қаулы бойынша айыппұл жүргізілуде.
Нұржау ауылына кірме жол, ауылішілік жолды тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстарына 2020 жылдың 7 сәуір №14 «Атырау жолдары» ЖШС-мен келісімшарт жасақталды. Жоба құны 808,4 млн. теңге. 2020 жылы 686,9 млн. теңге игерілді. Құрылыс мерзімі 2020-2022 жылдарды қамтиды. 2022 жылы 121,5 млн. теңге қаржы бөлініп, 86,6 млн. теңге қаржысы игерілді. Нысан толық аяқталмауына байланысты қалған 34,9 млн. қаржы игерілген жоқ. Қазіргі уақытта 9,4 шақырым жол және 3,3 шақырым тротуар салынды. Қалған 0,6 шақырым жол асфальт төсеу және жол белгілерін орналастыру жұмыстары қалып отыр. Осы нысан бойынша 2022 жылдың наурыз айында Атырау облысының ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотына талап арыз беріліп, сот шешімімен 23,5 млн. теңге айыппұл өндірілді.
Сафон ауылдық округіне қарасты Затон учаскесінің кірме жолымен көпір құрылысының жұмыстары 2022 жылы 23 тамыздағы №24 келісімшарт негізінде басталды. Мердігер «Сапак» ӨК: Жоба құны 573,6 млн. теңге. 2022 жылы 50,0 млн. теңге қаржы бөлініп игерілді. Жолдың осьтері шығарылып, қырып тегістеу және топырақ төгу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, көпірдің каркас бөлігі дайындалды. Құрылыс монтаж жұмыстарының мерзімі 6 ай – дей келе, хабарламашы жобалық-сметалық құжаттама жасақталып жатқан объектілерден де хабардар етті.
Айнагүл Шакупова