«Жыры» бітпейтін ауылішілік жол

(0 Votes)

Аудандық мәслихаттың ХХІV сессиясының тұрақты комиссиясын мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев ашып жүргізіп, күн тәртібімен таныстырды. «Аудан әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттердің орындалуы және 2022 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының есебі» туралы аудан әкімі Марат Мурзиев баяндама жасады.

Аудандық мәслихат депутаты Өмірболат Есенғазиев 2023-2025 жылдарға арналған ауданның сайлауалды бағдарламасы бойынша салынуы тиіс  5 мектеп, 5 балабақшаның құрылысына ЖСҚ жасақталуға қаржы бөлінгенін, ал не себептен қалған Кадырка, Сүйіндік, Кудряшов ауылдарында бойы көтеруі тиіс 3 балабақшаға қаржы қарастырылмай отырғанын сұрады. Ә.Сәрсенбаев мектебін жөндеу жұмыстары қалай жүзеге асып жатқанына қызығушылық білдірді. Аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Еділ Баяров жауапты мердігер мекеме жұмыс атқарып жатқанын, қыркүйек айының аяғында толығымен аяқталатынын жеткізді. Мәслихат депутаты Бержан Кенжебаев ауданның инфрақұрылым бағытында атқарылып жатқан жұмыстарының нәтижесіне  халықтың көңілі толмайтынын тілге тиек етіп, түп тереңдету, жаз мезгілінде су пайдалануға мүмкіндік болмайтын Сурхан каналын қазу, жаға бойындағы үйілген топырақты алу, құрылысы аяқталған Құрманғазы ауылындағы инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды (ИКИ, 468 участок) халыққа қолданысқа беру, Ақкөл, Нұржау ауылішілік жолдарын аяқтау, Орлы ауылына жол салуды бастау жөнінде тұрғындардың асыға күтіп, жиналыс сайын көтеріп жүрген қордаланған мәселелер қашан шешімі табылатынын сұрады. Мәслихат депутаттары Е.Құбашев Мақаш ауылдық округіне қарасты кейбір елді мекендерді сумен қамту, Талғат Жұмалиев балаларға ойын алаңдарын салу, мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов Қиғаш-Маңғышлақ магистральды су желісіне  Құрманғазы ауданындағы 6 ауылдық округті қосу, халықты сапалы ауыз сумен қамту сынды мәселелерін алға тартты. Аудан әкімі М.Мурзиев жауапты бөлім басшыларымен көтерілген сауалдарды жан-жақты талқыға алып, толыққанды жауаптарын қайтарды. Аудандық құрылыс және қалақұрылысы бөлімінің басшысы Марат Хасанов ауылдық округтердің су тазарту имараттарын Қиғаш-Маңғышлақ су желісіне қосу бойынша лимиттің қанша мөлшерде қажеттігі жөнінде анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жыл аяғына дейін құжаттарды рәсімдеу аяқталған соң іске асатынын айтты. Комиссияға қатысқан «БекетСәтЖол» мекемесінің бастығы Қанат Хайруллаұлы вагон, битум тапшылығы, құрылыс материалдарының қымбаттауы Нұржау, Ақкөл ауылішілік жолдарын аяқтауға қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, осы айтылған себептер Орлы мен Хиуаздағы жол құрылысын бастауға кері әсерін тигізуде. Мердігер мекеме басшысы жоба да бірнеше жыл бұрын жасалғанын, одан бері баға да күрт өскенін, соған сай жобаға түзетулер енгізу үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына ұсыным хат жолданғанын айтты.   Битум мәселесі оңды шешілсе Нұржаудағы құрылыс жұмыстары биыл аяқталатынын уәде етті. Аудан әкімі М.Мурзиев мердігер мекеме басшысына құрылыс материалдарына соқпайтын басқа да жұмыстарды жасай берулері қажеттігін, егер орындау мерзімі аяқталған уақытта құрылыс жұмыстары бітпесе, олармен біржақты келісімшартты бұзу жөнінде аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Мусинге тапсырма жүктеді.

a

Келесі кезекте аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Мұқашев «Аудан аумағында дене тәрбиесін дамыту және спорт саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру» жөнінде, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Р.Насибуллаев «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту» туралы хабарлама жасады. Сонымен қатар, тұрақты комиссияда аудан әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасау жөніндегі кеңес құрамын бекіту, аудандық мәслихаттың 2019 жылғы 10 қаңтардағы №377-VI «Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін сайлау туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, ауданның Құрметті азаматын беру, Құрмет грамотасымен марапаттау жөнінде сессияға жіберілуі тиіс мәселелер қаралды.  

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521