Жыры бір бітпеген жер алу...

(0 Votes)

Аудан орталығы тұрғындарына үй салу үшін берілетін 10 соттық жердің жайы өзекті мәселеге айналды. Аудан, округ әкімдігіне келіп түскен арыздардың басым бөлігін де осы жер сұраған өтініштер құрайды.

Әне-міне беріледі делінген үй салынуға белгіленген инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысының да жыры бір бітпей қойды. Бұл туралы газетімізде «Біте келген іс бүлініп қала ма?» атты мақала да жарық көрген еді. Сол ұлтарақтай жердің қолдарына тиюін күтіп, баспана салуға асық отырғандар қаншама.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында Құрманғазы ауылының батыс жақ бөлігіндегі «Болашақтан» 68, «Шипажайдан» 400 үйдің газ, су, электр желілері тартылған, орны тегістелген, ауылішілік асфальтталған жол төселген, дербес әлеуметтік нысандары тұрғызылатын шағын аудандар бой көтереді деген хабарға қуанбаған баспанасыз адам жоқ шығар, сірә.  Бұрынырақта үй салғаныңда газ, су, ток көзі сияқты қажеттіліктерді іргелес көршіңнен сұрап, жалынып-жалпайып жүріп барып, әзерге қол жеткізетінсің, енді дап-дайын тұрады, қуанбағанда қайтер едің?!  Бірақ, сол инфрақұрылымы құрғырыңның игілігін көрудің сиырқұйымшақтанып бара жатқаны болмаса. Негізінде 2016 жылдың аяғында басталған шаруа бірер жылда беріледі деген күтілген-тұғын. Аудан әкімі Қ.Нұртаев өткенде өзінің есеп беру жиынында жобаның қуатында көрсетілген жұмыстарды аяқтау үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінгенін айтып, тағы да үміттің шырағын жаққандай болды.Осы орайда аталған нысанның қазіргі ахуалын білмек мақсатпен аудандық құрылыс, сәулет және қалақұрылыс бөліміне хабарласқанымызда мердігер мекеме – «Қарағанды жолдары» ЖШС-мен  көзделген жұмыстардың аяқтала келгендігін, Ганюшкин подстанциясына «КСО-292» маркалы екі ұяшық (ячейка) орнату «Атырау-Жарық» АҚ-ымен таяу күндерде қолға алынатынын айтып, жобаны толықтай тапсыру бірінші жартыжылдықта жүзеге асады деп сендірді. 

Қолымыздағы мәліметтерге сүйенсек, Құрманғазы ауылында айналасындағы шағын аудандарын қоса алғанда 15465 адам тұрады екен. Алдыңғы жылмен салыстырмалы алғанда көші-қон және табиғи жағынан да өсім бар. Бала туу көрсеткіші де артып келеді. Жыл сайын жас шаңырақ көтерушілердің де қатары көбейіп, округтегі отбасылардың саны – 4005-ге жетті. Нәтижесінде тұрғын үй мәселесінде біраз қиындықтар туындағаны шындық жайт. Жер тапшы деуге келмес, алайда тұрғын үй салуға тек инженерлік инфрақұрылымы  жасалынған жерлер берілуі қажеттігіне орай бірқатар кідірістер орын алды. Соған сай ауылдастар арасында пәтер жалдап тұрушылар саны күрт артты. Әсіресе еншісін алған жас отбасылар пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Өйткені, үй салуға жер берілмей жатыр, нақты ақшаға үй сатып ала алмайды. Тағы бір айта кетер жайт, осының салдарынан кезінде алып қалған жерлерін сатушылардың біраз саудасы жақсы жүріп кеткендей көрінеді.  Өйткені, үш-төрт жыл туырысында газетімізде «жер сатылады» деген жарнама көптеп шығатын еді, бүгінде ондай хабарландыруларды мүлде көрмейсіз. Демек, ондай босалқы жатқан жерлердің де таусылғаны ғой. Қара нарықта аудан орталығы аумағындағы 10 соттық жер шамамен 1-1,5 миллион теңгеге бағаланды.

Құрманғазы ауылдық округі әкімінің орынбасары Мерей Әжігереевтің айтуы бойынша қазірдің өзінде жер алуға өтініш берушілер саны 1600-ден асып жығылатын көрінеді. – Бұл мәселе шынында өзекті, кейінгі өзгерістерге сай үй салуға жерді беру үшін алдымен инфрақұрылымын шешу керек, яғни жол салу, электр жарығын, ауыз су, газды жүргізілуі тиіс. Кенттің бас жоспарына сәйкес «Болашақ», «Шипажай» аталатын аумақта тұрғын үй салуға жер беру белгіленген. Алайда инфрақұрылымның жүргізілу жұмыстарының аяқталмауы себепті тоқтап тұр. Жерге арыз берушілер күн санап  көбейіп келеді, жоғарыда аталған жерлерге қоныстандырғанның өзінде олардың өтінішін толықтай қанағаттандыра алмайтынымыз түсінікті жайт. Алдағы уақытта қаржы көзі сұралынып, Жапырық елді мекенінің шығыс жағынан инженерлік инфрақұрылымы қарастырылған жер дайындалатын болады. Кейініректегі перспективада тағы бір осындай орын дайындау ойластырылуда,  – деген жауапты маманның сөзінен түйгеніміз жуық маңда өтініш бергендердің біразына жер алу бақыты бұйырмайын деп тұр. Сондықтан жердің кезегін күткен ағайынның сабырлық танытудан басқа амалы жоқтай...

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521