Аудандық орталықтандырылған кітапханада Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелұлының шығармашылық жолына арналған «Дара жол» сұхбат кеші өтті.
Онда ақынның адамгершілік қасиеті, тағдырлы жолы, арман-үміті сөз болды. Кеште ақынның өлеңдерін кітапхана қызметкерлерімен қатар, Абай атындағы мектептің оқушысы Қайырова Дильназ, немересі Нұрайна оқып берді. Жамбыл ауылының тумасы, аудандық ақындар айтысының тұрақты қатысушысы, медбике Жанаргүл Оразова жырын арнады.
Шараның екінші бөлімінде Таңатар Дәрелұлының жақында ғана баспадан шыққан «Іңкәр дүние», «Жүрегімнің жыр емі» кітаптарының таныстырылымы болды. Алғашқы кітапқа кітапханашы Сандуғаш Болатқызы талдау жасады. Екінші кітап ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Есмұхан Жанизиннің талдауымен оқырманға таныстырылды. – «Жұмекен. Біздің қыр. Тағдырлар» бөліміндегі өлеңдерді оқи отырып, жайлы ат мініп, қыр бойына жолаушы шыққандай күй кешесің. Жұмекеннің жұмбақ әлемімен, Бақыт Қарабалинаның күй рухымен, Рахымжан Отарбаевтың ой орамдарымен сырласқандай боласың. «Еркіндіктің қадірі. Ескерер жай» бөлімінде азаттық жолындағы алмағайып күндер, тарихтағы қысастықтар, тәуелсіздікпен келген еркіндіктің қадірі дәріптеледі. «Ауыл. Дала. Адамдар» бөлімінде Елбасының жадылауымен санамызда жаңғырған рухани дүние, ұлы даланың жеті қыры жырға арқау болады. «Ақ жайлы сыр. Ақ жүректер» бөлімінде қараулық пен жақсылықты ой безбеніне тартады. «Ойлар. Сезім. Сана жаңғырығы» ақырын жүріп, анық басып пайғамбар жасына жеткен ақынның сезім толқынысы өлеңмен өріледі, - деген ол кітапқа енген 4 дастанның, 2 балладаның мазмұнына да тоқталды.
Тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Б.Шаяхметов пен жазушы Ө.Қажымғалиев жасап, жыр жинақтарын өлеңсүйер қауымға ақ жол тілеп аттандырды.
А.Нәжімов.