Есімі ауданға, облысқа танымал ұлағатты ұстаз Ғарип Ғабдоллаұлы тірі болса үстіміздегі жылы наурыз айында жетпіс жасқа толар еді.
Жақында С.Имашев жалпы орта мектебінің педагогикалық ұжымы ұстазды еске алу мақсатында «Қалдырған ізің мәңгілік» тақырыбында кеш ұйымдастырды. Кешке ауылдық округ әкімі, ардагерлер ұйымының төрағасы, ардагер ұстаздар, шәкірттері, ағайындары, ұрпақтары шақырылды. Ғарип Ғабдоллаұлы өмірлік серігі Розамен өмірге 3 ұл,4 қыз әкеліп, тәрбиелеп өсірді, олардың түрлі мамандық иесі атануына мүмкіндік жасады. Үлкен ұлы Дәурен Оралдағы М.Өтемісұлы атындағы университетте білікті маман болса, қызы Ұштап ауданымыздағы беделді ұстаздардың бірі.
Ол тек мұғалімдікпен шектеліп қалмады. Жан-жақты, қабілетті еді. Музыкалық аспаптарда шебер ойнады, ән айтатын, актер ретінде де танымал, талантты суретші, спортты да жанына серік еткен жан. Өлеңдері, мақалаларды кезінде аудандық «Ленин жолы» (бүгінгі Серпер) газетінде жарық көріп жүрді.
Жиналыста сөз алған мектеп директоры Р.Сапаров, ауыл әкімі Б. Ақбанов, ақсақалдар Р.Қабиев, М.Қамзаев, ардагер ұстаздар Қ. Аманғалиев, Н.Шолтыров, ауылдасы А.Қожантаева, туысы Р.Сахаева, шәкірттері Т.Харесов, Ә.Бекқалиева, Б.Имановтар өз естеліктерімен бөлісіп, ұлағатты ұстаздың адами болмысы, мұғалімдік шеберлігі, пайым –парасаты жайлы сыр шертті. Экран арқылы оның өмір жолы мен фото деректер жиналғандар назарына ұсынылды. Ауыл өнерпазы Қ.Уапов әннен шашу шашты. Қатысушылар кештің тәлімдік–тәрбиелік өнегелік жағына, мән-мазмұнына, өту барысына жоғары баға берді.
Кештің соңында марқұмның қызы, жоғары санатты ұстаз Ұштап Ғарипқызы оны ұйымдастырушыларға, қатысушыларға, естеліктігімен бөліскен жандарға отбасы атынан зор ризашылығын білдірді.
Нариманбек Шолтырұлы,
С. Имашев атындағы жалпы орта мектеп