Өткен аптада Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов ауданымызға іссапармен келіп, Ақкөл ауылдық округі тұрғындарымен кездескен болатын.
кездесуде ата-анасыз қалған тұл жетім балаға қамқоршы болып отырған аталған округтің тұрғыны Күлмай Мусина үйіндегі газбен жылыту қазаны істемей қалғанын айтып көмек сұраған. Жаңасын сатып алуға жағдайы тартпайды. Мәжіліс депутаты Әділ Орынбасарұлы бірден көңіл аударып, сол жерде жазып алып, көмектесетінін жеткізген. Халық қалаулысы уәдесінде тұрып, ауыл тұрғынына өз қаражатына жаңа газбен жылыту қазанын әперді.
Жақында «Қазтрансгазаймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының Құрманғазы аудандық газ шаруашылығы басшысы Аманғали Сатанов бір топ қызметкерлерімен, дәнекерлеуші Руслан Мәмбетовпен бірге Күлмай Мусинаның үйіне барып Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбановтың алып берген жылыту қазанын тегін қондырып, монтаждау жұмыстарын жасады. «Жақсының жақсылығын айт», демей ме?! Қыстың көзі қырауда қайырымдылық жасап жатырған осындай жомарт жанды азаматтардың жасаған жақсылықтары алдарынан шықсын, қатары көбейе берсін деген тілекпен, ризашылығымызды білдіреміз.
Қанат ҒҰМАРОВ