Биыл жылқылар үшін – «жұт жылы» болып тұр. Өйткені, наурыздың басындағы бораннан, өткен қуаңшылықтан дала малы әлсіреп, салқыннан бойындағы аурулар шығып, алқымынан қысуда.
Бұл туралы түрлі бейнеролик әлеуметтік желіде тарап кеткен болатын. Видеодан жайылымдағы жылқылардың артқы екі аяғы шойырылып, іші тартылып, айдағанда ентігіп, тіпті ауа жетпей тұншығып өлгені анық байқалады. Мұндай жұт ауданымыздың әр аймағында орын алуда. Қыр бойындағы жылқылар кеселден аман. Белгісіз індет жергілікті шаруаларды алаңдатып отыр. Олардың ішінде Еңбекші ауылдық округінің тұрғыны Жеңіс Қамзеев те бар. Ол Хамит және Шияп каналдарының бойындағы жайылымға жайған сап-сау малының үшеуінің өлексесін көмген. Қазір, ауырған бес жылқысын емдеп жатқанын жеткізді. Қорасында тұрған алты тұлпарына да ветеринардың берген тізімімен екпесін егіп алдын алуда екен. – Телефон арқылы даладағы малымның басқалармен бірге қырылып жатқанын ветеринариялық станцияның мамандары хабарлады. Кеселдің неден, қалай пайда болғанын өзім де білмеймін. Ауырып тұрған малдардың көз жапсарында сарғыш дақтар бар екенін байқадым. Енді не болса да елмен бірге көреміз,-дейді жылқышы. Ал, Құрманғазы ауылдық округінің тұрғыны Есболат Жолжанов болса, аты жоқ індетті адамдағы ковидтің белгілеріндей жылқыда да байқалуда дейді. – Жағдай мәз емес, өте күрделі. Дала малының аузынан көбік шығып, жем-шөп жемейтұр. Бес жылқым өлді. Он екісінен ауру белгілері байқалып, өздігімізден естіген нәрселер бойынша емдеп жатырмыз. Ветеринарлар келіп, қадағалап кетеді,-дейді Есболат Жолжанов.
Ал, аудандық ветеринариялық станция мамандары алдымен жылқыда болатын аса қауіпті ауруларға тексеріс жүргізіпті. Ол теріс нәтиже берген соң, қанмен келетін паразиттік, вирустық дерт үшін экспертизаға жіберген. Бұрын-соңды анықталмаған мұндай кеселді мамандар Маңғыстаудағы қуаңшылық кезінде өңірге тіркелмей, карантинге жатқызылмай әкелінген жануарлардан болуы мүмкін деп болжап отыр. - Жылқы - иен далада жүретін түлік. Өткенде соққан қар,жаңбыр аралас бораннан оларға салқын тиген. Адам сияқты, оларда да суық кезінде иммунитеті әлсіреп, бойындағы ауруының бәрі шығады. Ал, көршілес облыстағы қуаңшылық кезінде ел азаматтары көптеген жылқыны асырады. Жергілікті малдармен араластырды. Боран басылған соң, олардың ауруы түрлі жолмен, мәселен, қан,сілекей арқылы, қансорғыштардың (бит,сірке,бүрге,кене) тасымалдауынан, кезінде маса мен сонаның шаққан жерінің қозуынан малдың күйі нашарлап, белгісіз індетті жұқтырып отыр,-дейді аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Асланбек Бірғалиев.
Басшының айтуынша, даладағы жылқылардың қырылу фактісі ветеринариялық станция мамандарына 19-наурыз күні тіркеліпті. Өлекселерді жинау үшін екі техника мен үш мал дәрігері жұмылдырылған. Асланбек Бірғалиев жайсыз жағдайды естіген соң, дереу уатсап желісіндегі жылқышылар тобына хабарлама қалдырғанымен, екі адам ғана кері байланыс жасағанын жеткізді. – Айдалада өлген малдардың иелері біздің қатарға қосылып, іздеуге құлшыныс танытпады. Кейін өзіміз канал бойын, қамыс ішін аралап, бес бас өлексені таптық. Оларды залалсыздандырып, терең шұңқырға көмдік,-дейді аудандық ветеринариялық станция басшысы. Қазіргі таңда округтер бойынша 63 бас тіркеліп, емдеуде тұр. Оның 10-ы ауруды көтере алмай өлген. 7-уі үйірге қосылып, 53-не неозидин сынды дәрілермен егуде. Десе де, аталған препарат қоры ауданда азаюда екен.
Мамандар қандай ауру екені анықталғанша қырылу фактісі көбеюі мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл індеттің адамға зиян-зиянсыз екені де әлі нақтыланбаған. Сондықтан, жылқы етін арнайы комбинаттардан сатып алған дұрыс дейді.
Жайдарлым Қайреден