Елбасымыздың өткеннің сара жолынан ауытқымай, болашаққа жарқын жол ашатын қадамдары ел тарапынан үлкен қолдау табуда.
Осыдан бір жарым жыл бұрын рухани жаңғыру мақаласын ұсынса, биыл соның жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи сананы жаңғыртуға арналған кезекті мақаласы баспасөз бетінде жарық көрді. Біз тарихты тану, білу арқылы ата-бабаларымыздың шыққан жерін, тегін ғасырдан-ғасырға жалғастырып келе жатқан халықпыз. Мақалада Елбасы әлемдік өркениетте жылқы малын тұңғыш қолға үйреткендердің ізі солтүстік Қазақстандағы «Ботай» қонысынан табылғанын еске салады. Халқымыз жылқыны тек төрт түліктің бірі деп қарамаған, оны өзінің қадірлі малына, басты байлығына теңеген. Өйткені, оның иесіне күш көлігі ретінде, сусындық сүтімен, дәмді етінің құндылығымен берер пайдасы өте мол.
Жылқының етін жесең – тісіңе кіреді, жемесең – түсіңе кіреді» деп ата-бабаларымыз тегін айтпаған. Алдымен біз халал болған жылқы етінің пайдасы туралы сөз қозғайық.Мәселен, оның емдік қасиетін, қымызының түрлі аурудың бетін қайтаратынын, дертке шипа болатынын ғалымдарымыз баяғыда-ақ дәлелдеген. Ақпарат беттерінде жылқы малы сонау ықылым заманнан бері адамзат тарихында ең алғашқы рет Қазақстан жерінде қолға үйретілгені жайлы көп айтылады. Қазақ халқы осыдан бірнеше мыңжылдық бұрын жылқыны көлік ретінде пайдаланып, ал етін азық еткені белгілі.Ата-бабамыз еті мен сүті шипа жануарды өзгеден бұрын бағалай білген.
Қазірде қазақ қана емес, көп ауруға ем саналатын жылқы етін дамыған Еуропа елдері де мойындап отыр. Шетелдік зерттеуші-дәрігерлер еттің ішіндегі ең пайдалысы – жылқының еті екендігін, майының адам организмінде ешқашан тұнбаға түспейтіндігін зерттеп білді.
Жылқы етінің ең басты қасиеті – жүрек, қан тамыр ауруларына, бүйрек жұмысын жақсартуға, буын сүйектерінің сырқырауына, ішкі ағзаның дұрыс жұмыс жасауына тигізер әсері мол. Ағза жасушаларын жаңартып отыратын қасиеті де дәлелденген. Ал бұл дегеніңіз қартаймаудың басты қағидасы. Бұрынғы заманда жылқы еті жуылған суға қыз-келіншек басын жуған екен. Бұл шаштың берік болуына, оның түсіп қалмауына, табиғи қалпын сақтауына көмектесетін бірден-бір «табиғи бальзам» болған. Осы сумен бастан-аяқ жуыну тері ауруларынан арылтады, белсіздіктен құтқарады екен.
Сонымен қатар, жылқының жүрегін жеу ми қызметін жақсартады. Мидағы миллиондаған жасушаларды жаңартып, есте сақтау қабілетіне жауап беретін талшықтарға көмек береді. Мамандардың айтуынша жылқы етін тұрақты жеу мидың жақсы қызмет көрсетуіне септігін тигізеді. Ол үшін жылқы жүрегін пісіріп не қуырып жеу керек. Ал, қақталған сүр ет бүйрек жұмысына пайдалы. Сүрленген етті әбден пісіріп, сүтпен бірге қабылдау бүйрек пен несеп жолдарына оң әсерін тигізеді. Жылқы етінде негізінен минералды заттар, оның ішінде темір көп. Әсіресе, бұл малдың бауыры темірге, А1, В2, В12 дәрумендеріне бай. Міне, жылқы етінің адам ағзасына қаншалықты пайда әкелетінін ескерсек, оның қадір-қасиетін төмендетпейік.
А.Шакупова