Журналист болу – жас жүректің қалауы

(0 Votes)

Журналистика – тарих әрі ғылым. Зерттеушілер бұл саланың тас дәуірінен басталғанын алға тартады. Яғни оның уақыт тұрғысынан «вторая древнейщина» аталуы тегін болмаса керек. Журналистика – бейресми төртінші билік, әлеуметтік құбылыс. Қызық та қиын, құрметті де мазасыз мамандықтың адамы да – осы журналист.

Оның тілі сағаттың тіліндей үнемі әділеттілікті нұсқап тұруы қажет. Журналист – жолаушы. Себебі, ол ғұмырының көп уақытын жол үстінде өткереді. Ол жүрмейтін жол, бармайтын жер, ел жоқ. Ол – қоғамның үні әрі көзі іспетті. Журналист қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық біткеннің жер-жебіріне жететін қайраткер. Ол – ой адамы. Онда ойсыз күн жоқ. Журналист – сезімнің адамы. Тылсымға толы табиғаттан бойына ерекше күш алып, қаламынан қасиетті сөз төгеді. Сондай-ақ, журналист – мінездің адамы. Ол қандай да «мықтымын» деп кеуде кергеннің алдында «ләпбай, тақсыр» деп иіле қалмайды. Оның пірі – халық. Ол – өз мамандығының құлы. Өз мамандығын сүймейтіндерге бұл күрделі салада орын жоқ.

Қоғамдағы құбылыстарды зерттеп-зерделеу жолында өзіңнің күшің мен уақытыңды аямайтын дәрежеге жеткенде, шын талантыңмен оқырманды баурап алатын щабытың шыңдалғанда ғана жақсы журналист бола аласың. Қаламың мен қағазың арқылы қорғансызға пана болғанда осы мамандықтың құдіретін сезінуге болады. Осыдан үш жыл бұрын Оралдан жоғары оқу орнын тәмамдап, ауданымыздың айнасы «Серпер» газетіне II дәрежелі маман болып алғаш еңбек жолымды бастадым. Жазу өнерінде аяқалысымның нығаюына ардагер журналист Таңатар Дәрелов, өзге де өңір қаламгерлері зор ықпалын тигізді. Көне тарихтай қатталған ескі газет сандарын парақтап, оның негізгі құрылымы, әртүрлі тақырыпта мақала жазудың өзіндік «тәртіп-ережелерін» пысықтап меңгере түстім. Ұжым қызметкерлерінің де жұмыстарына біліктілігі, өзара ішкі татулығы ортақ ісіміздің тек алға басуына жетелеп келеді.

Әрине, газет жасау, газет шығару оңай емес. Шаттығы мен шыжығы алмасып отыратын зор шаруа. Сондықтан болар журналист ағайын аузынан «Газеттің өзі – бір күндік, ал сөзі – жүз жылдық» дегенді жиі естиміз. Тәулігіне кем дегенде 2-3 жиын, шараға қатысамыз. Ауа-райының қандай қолайсыздығына да қарамастан белгіленген орынға уақытынан бұрын барып ақпарат жинастырамыз. Шара барысында адамдардың айтқан сөзі, эмоциясы мен пікірлерін мүлт жібермей, диктофонға немесе қағазға сол мезетте түсіріп отырамыз. Оған қоса сапалы суретке түсіріп үлгеру де - мойнымызда. Апта сайын шығатын басылымымыз ешуақытта қажетті материалдарға мұқтаждық танытқан емес. Күнде әрқилы мәселесін көтеріп редакциямызға ат басын тіреген тұрғындармен дидарласамыз. Олардың мұң-мұқтажын, сауал-сұрағын саралай келе, олардың түйінін тарқатып, басылым бетіне жариялап тиісті құзырлы орган өкілдеріне жетуіне мұрындық болып, көңілдерге ізгілік ұялату басты мақсатымызға айналған. Бүгінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы біздерге жаңа талаптар жүктеуде. Ғаламтор жылдамдығымен бірге жарысып, халыққа аз ғана уақыт аралығында мазмұнды, шын ақпарат таратуға бар күш-жігерімізді аямаймыз.

Өзгелер жұмыс уақыты біткен соң кеңселерінде бәрін қалдырып, демалуға қайтса, журналистің «арқалаған жүгі» одан бір елі ажырамай, үйіне қоса еріп барады. Күн-түн демей, ой тұңғиығына шоматын, бір материалды сәтті аяқтап, келесісін санасында «пісіріп» отыратын, қай-қай оқиғаны да алдымен жүрегінен өткізіп, елге ең алғашқы боп жеткізетін журналисттердің еңбегі қашанда ескеруге тұрарлық. Бірегей жазушы Шерхан Мұртаза айтпақшы: «Алтын арқалап, жантақ жеген» журналист – барша бұқараның арман-тілегімен бірге жасап, сенімге селкеу түсірген емес. Ендеше, осы бір маңызды саланың төңірегінде сөз, қоғам және ар жауапкершілігін алған мамандық иелерін – әрістестерімізді кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтағым келеді. Өз оқырмандарыңыздың, тыңдаушыларыңыздың, жалпы халықтың таңдаулысы атанып, ақ ниет-алғысқа бөлене берулеріңізді тілеймін!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT