Жоспарды орындап, жүздері жарқын

(0 Votes)

Балық шаруашылығы өзен жағалай қоныстанған ел үшін ежелден бері келе жатқан атакәсіп. Экономикалық тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығының ерекше мәні бар салаларының бірі саналады.

Балық өнімдері – денсаулыққа пайдалы, сұранысы жоғары тағам түрі. Ол тек халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге үлкен үлес қосады. Сол себепті өңірдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуінде балық шаруашылығын жүйелі түрде дамыту – уақыт талабы.

Иә, бұл кәсіпшіліктің өркендей түсуі өңір үшін маңызы бағыт. Каспий жағалауы мен Қиғаштың балық байлығы өзен бойын жағалағанның талайына ырызық болып келеді. Табиғат қорын тиімді пайдалану арқылы жергілікті бюджетке түсетін кіріс көлемі  артып, ауыл халқының табысын көбейтуге сүбелі үлесін қосты. Ауданымыздағы балық аулаумен айналысатын табиғат пайдаланушының бірегейі болып табылатын «Каспий таңы» өндірістік кооперативі өздеріне бекітіліп берілген Каспий теңізі жағалауы мен Қиғаш өзенінің сағалық кеңістігі «Мальцево» учаскесінен бөлінген лимит көлемінде балық аулайды. Өткен жылдың күзгі балық аулау науқанына 67 бригада жасақтап шығарып, күн-түн демей өнікті еңбек етті. Уақытпен санаспай ел ырысын еселей білген айдын ерлерінің арқасында кооператив 990 тонна сапалы балық аулап, бөлінген лимитті 100 пайызға орындады. Мұның бәрі тынымсыз тірліктің, еселі еңбектің арқасында мүмкін болды. Кооперативті бірлесе басқарған Тимур Өтепбергенұлы Бисенов, Алтынбек Жанболатұлы Хамит, Рүстем Нысанбекұлы Құспанов жұмысты оңтайлы жүргізіп, табыстылығын арттыру бағытында қолдан келгеннің бәрін істеді. Қажетті аулау құралдарымен, моторлы қайықтармен, жылы да жайлы жатын орындарымен қамтудың бар қамын жасады. Межеленген жоспардың балығын аулап, кәсіпорынға табыс келтіріп отырған балықшылардың еңбекақыларын уақытында төлеп тұрады. Ауланған балықтар кооперативтің өндірістік цехтарында өңделіп, тұздалған, мұздатылған, салқындатылған өнім күйінде кідіріссіз тұтынушысына, алыс-жақын шетелдерге жол тартады. Осылайша, балық шаруашылығын бизнестің тұрақты көзіне айналдырып, аудан экономикасын арттыруға, ауылдастың тұрмыс сапасын жақсартуға өз үлестерін қосып келеді. Балық - байлық арқылы несібесін айырып отырған ұжым өз міндеттемелеріне өте сергек қарайды. Балық аулағаны үшін табиғатты пайдалану қорына 24 миллион 210 мың 453 теңгені уақытында аударды. 

Кооперативтегі Асқар Сұлтанов, Ниғметов Мереке, Есболат Сұлтанов, Жеңісбек Сұлтанов, Мирас Мұратов, Мұрат Қадыров, Бақытбек Қуандықов, Есенбек Дануов, Серікқали Айдаров сынды бригада жетекшілерінің мұзабалақ балықшылары су маржанын тереңнен сүзіп ортақ істің орайын келтірді. Балық аулау машақатты тірлік, ауыр жұмысты алып жүру оңай шаруа емес, әрине. Күздің қара суығында белшеден су кешіп, торға оралған зілбатпан балықты қайыққа өңгеру қарулы жігіттердің қолынан келетін ғана іс. «Балықшының балағы кеппейді, қайықшының қалағы кеппейді» деген бабадан қалған сөз осыны айғақтаса керек.  Жалпы балықшылыққа да бейім қажет. Сумен сыралғы болып, балықтың қоры қай жерде барын, қалай қозғалысқа енетінін біліп отыру маңызды. Сонда ғана қолың қанды болып, ау қоржының толыға түседі. Мұны жадтарынан шығармаған «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің кәнігі балықшылары жақсы біледі.  Сондықтанда олар күзгі маусымға белгіленген  жоспарды уақтылы орындап үлгерді. Осылайша көңілдері бірленіп, жүздері жарқын күйде жаңа жылға жаңаша қарқынмен қадам басты.

Айбек МЕЙІРМАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT