Еңбек күніне орай қарапайым еңбек адамдары жайлы сөз қозғағанда көз алдымызға жолшылар келеді. Иә, күре жолдың бойында, кәдімгі өзіміз жиі көріп жүретін, жүздерін күн қақтаған, құрыш білекті, күс тартқан алақандарынан күректері түспейтін адамдар.
Сапарға шыққан сіз бен біздің жолда қалмауымыз үшін жұмыстанатын, құмырысқаша қыбырлаған еңбекқор жандар. Тәуелсіздікке дейін бізде асфальт жолдар жоққа тән еді. Ол кезде дала тұрмақ қаланың өзінде ондай жолдарды саусақпен санауға болатын. Облыс орталығы қара балшығы шығып жататын. Атырау мен Астраханның арасындағы республикалық маңызы бар жол біреу әдейі келіп бомбалап кеткендей үнемі шұңқырдан арылмайтын. Бүгінде ауылдарға асфальт төселсе, ол Тәуелсіздіктің жемісі.
Күре жолдың бойы қашанда қарбалас тірлікке толы. «Жол мұраты – жету» дегендей, адам баласы тәй-тәй басқаннан бастап, өмір бойы оның бойымен қысы-жазы әрлі-берлі шұбырады. Сондықтан, жол құрылысы қашанда өзекті. Ал, салынған жолды күтіп ұстау одан да маңызды. Себебі, оның құрылысын бітірген мекеме кетеді. Біз қаламыз. Оны пайдаланатын да өзіміз. Қандай нәрсе де күтімнің болмауынан тез тозады. Уақытымен қарын күремесе, қатқан мұздақтың үстіне тұз қосылған қоспа шашып, ойылып кеткен жерлерін жамап, жол белгілерін шашыраған батпақтан тазалап және басқа да жұмыстарды атқармаса көліктердің қатынасын қиындатады. Адам өміріне қауіп төніп, жол апатына соқтыруы да мүмкін. Салынған жолдар неге жиі-жиі ойық-шұңқыр болып қалады десек, оған жердің тұздылығы, ауа райының ыстығы, жаңбырдың салдарынан асфальттың астына су кетуі себеп. Мұндай жағдайда жол сапасы бүлінеді. Оны ретке келтіретін жоғарыда аталған жолшылар.
Жалпы жолшы болу оңай емес. Жаздың аптап ыстығында, қыстың қара суығында, көктемнің өткір желінің өтінде үнемі жолдың бойында жүру үлкен төзімділікті қажет етеді. Кейде алыс жолға шығуға да тура келеді. Азғыр өңірінің қатынауы қиын жолдарын құм басса, үстін қар жапса, сартылдап таңмен шығып, бірнеше сағат ішінде жүзден аса шақырымды жүріп өтіп тазалып тастайды. Әйтпесе қатынас болмайды. Ауыл ішіндегі жолдар да жұмыссыз қалдырмайды. Ауданымызда облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстаумен айналысатын мекемелердің бірі «Құрманғазы жолдары» ЖШС. Біз бүгін осында жұмыс жасап жүрген қарапайым еңбек адамдары, жолшылар жайлы әңгімелемекпіз.
Аманбай Жакупов 1960 жылы 7 наурызда өмірге келген. 1967-1977 жылдары Дәшін ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті бітірді. 1977-1979 жылдары Ганюшкин ауылындағы «Гурьевводстрой» трестінің СПМ-28 мекемесінде еңбек жолын бастады. 1979-1998 жылдары сол мекемеде жүргізуші болып қызмет жасады. 1982-1984 жылдары Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді. «Құрманғазы жолдары» ЖШС-де 2000 жылдан бері жұмысшы болып еңбек етіп келеді. Мекеме құрылғаннан бері осы жұмыстың қызығы мен шыжығын қатар көріп, өз қызметін абыроймен атқаруда. Жол жұмысына әбден төселіп алған. Аманбай ретке келтірген жол шұңқыры қайтып ойылмайды. Қандай тапсырмаға да үлкен жауапкершілікпен қарауға үйренген. Уақытында орындайды. Бақытын еңбектен тапқан деуге келетін жан. Жол бойында жұмыс істеу үшін ең алдымен, құрылыс материалдары, технологиясы жайлы түсінік болуы шарт. Үнемі мұқияттықты талап етеді. Соның ішінде жол қозғалыс ережелерін қатаң сақтау, әртүрлі сигналдық құрылғыларды, белгілерді, конустарды және т.б. дұрыс орналастыра білу, мұның бәрі жолшыға керек дағдылар. Жалпы жолшылардың жұмысы аса қауіпті кәсіптердің біріне жататындықтан өзінің және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігін бақылауда ұстауы да қажет. Ұзақ жылдық тәжірибесінде мұны жақсы меңгерген. Жұмыссыз отыруға үйренбеген Аманбай Молдағұлұлын кейінгі жастарға үлгі етуге тұрарлық. Зейнет жасына жетсе де әлі қатарда келеді.
Мемлекетіміз қарапайым еңбек адамдарын құрметтеуге зор көңіл бөліп отыр. Себебі, «Көл тамшыдан құралатыны» сияқты еліміздің бүгінгі жетістіктерінде олардың да үлесі бар. Адам еңбегімен сыйлы, солай болып қала береді.
Қанат ҒҰМАРОВ