Жолдың үш жерінен сынама алынды

(0 Votes)

Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» асфальт жолының Орлы ауылының тұсынан, яғни 853-893 шақырымынан «Ұлттық жол активтері сапа орталығы» РМК мамандары сынама алды.

Оған «Атырау адалдық алаңы» кеңсесінің ауданымыздағы өкілі Зейнетолла Мұқылесов, «Қазавтожол»ҰК» Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Ербол Пірімбетов, «ZS Engineering» техникалық қадағалау мекемесінің бас инженері Александр Масляков, мердігер мекеме «Сине Мидас Строй» ЖШС жоба жетекшісі Бердібек Өмірбаев қатысты.

img_5798

img_5806

Арнайы асфальт ойғыш құрылғымен  бір шақырым жолдың үш жерінен алынған сынамада жолға төселген асфальттың қалыңдығы 10, кей тұсында 10,5 см болып шықты. Аталған мекеменің инженерлері Қуанышбек Шұртабаев, Нұрлан Жантөриннің айтуынша ойылып алынған асфальттың керім кескіні сынамадан өткізіліп, суға қанығуы, тығыздығы анықталып, қорытындысы «Атырау адалдық алаңы» кеңсесі мен мердігер мекемеге беріледі. Біз осы жұмыстың басы-қасында жүрген жауапты маман, «ZS Engineering» ЖШС-ның техникалық қадағалаушысы Дархан Қодаровты жолдың сапасына қатысты сөзге тарттық.

– Бұл жолдың ені жиегімен қоса алғанда 15 метр болады. Негізгі бөлігі 9 метр. Астындағы жабындысының құрамына 6% қиыршық тас араласқан. Асфальт төсенішінің қалыңдығы 10 сантиметр. Мен №6 лотқа, яғни осы жердегі 40 шақырымға жауаптымын. Енді мына асфальттың үстінен қалыңдығы 5 см болатын қиыршық тасты мастикалық бөлігі төселеді. Ол мынадан сапалы, суды жібермейді, екі жағынан ағып кетеді. Әрі көліктің дөңгелегімен байланысқа түсіп, тайып кетуіне жол бермейді. Жол жиектеріне келетін болсақ оны 70% бұрынғы және 30% жаңа асфальтпен араластырып бекітеміз, - деді Д.Қодаров.

«Атырау адалдық алаңы» кеңсесінің ауданымыздағы өкілі Зейнетолла Мұқылесов бізбен әңгімесінде:

– Бүгін салынып жатқан жолдың тығыздығын анықтау бағытында сапа орталығы зертханасымен зерттеу жұмысы жүргізілді. Мұндай жұмыстар бұған дейін де жасалды. Бұл Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті мен «Атырау адалдық алаңы» кеңсесінің бірлесіп атқарып отырған шараларының бірі. Басты мақсат сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, жолдың өз дәрежесінде шығуына қол жеткізу. Алға қарай да жалғасын табады. Жаңа бір шақырым жолдың үш жерінен сынама алынғанын көрдіңіз, ертең соның нәтижесімен жасалып жатқан жұмыстардың сапасына көз жеткіземіз деп ойлаймын,-деді.

Бұған дейін «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» асфальт жолының 833-853 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, 15 шақырымы көлік қозғалысына ашылған болатын. Мамандардың мәлімдеуінше дәл қазір ол жерден сынама алуға ауа райының қолайсыздығына байланысты орнын қалпына келтіру мүмкіндігі жоқ.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521