Облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы «Сине Мидас Строй» ЖШС-де болып, салынып жатырған «Атырау-Астрахань» асфальт жолының жұмыс барысымен танысты.
«Қазавтожол» АҚ-ның директоры Жаңабай Қобыландин қазір ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша тағы да үш мал өткелін қарастырып жатырғандарынан хабардар етіп, сөзін жалғап: – Қазір туындап отырған мәселе – карьер. «Жер пайдалану туралы» Кодекс шықты да қара топырақтың өзін алу екі жылға созылып кетті. Оған енді өзгеріс енгізілгелі жатыр. Жобалаушы мұндағы 40-60 шақырымға тек 2-3 карьер қалдырып кеткен. Негізі топырақтың тасылу қашықтығы 3 шақырымнан аспауы тиіс. Топырақтың ақшасын біз мердігерге төлемейміз, тегін аламыз. Бұрыннан жалғасып келе жатқан дәстүріміз бойынша, оның құны сметада болмайды, тек тасымалы ғана кіреді. Аудан басшылары көмек беріп, бос жатқан жерлерді қарастырып қосымша карьерлер ашып, жұмысты тездету керек. Экологияға зиян келмейді, қара топырақты алады да, орнын тегістеп кетеді. Ал, оны 25-30 шақырымнан таситын болсақ онда бұл жолды салу созыла түседі. Комиссия құрып, оған экологтарды, жер бөлімін, прокуратураны және басқаларын кіргізіп тез шешуге, жеңілдетілген нұсқаға ауысса дейміз. Жол 2022 жылы түгел аяқталады, біткен бөліктерін биылдан бастап пайдалануға береміз, - деді.
Қ.Ғұмаров