Бұл өмірде әр адам – жолаушы. Бірақ, бүгінгі таңда күн өткен сайын шарықтап бара жатқан бензинмен қатар, қымбаттап жатқан жекеменшік көліктегі жолақы бағасы ауыздықталатын емес.
«Telegram» әлеуметтік желісінде Атырау қаласына баруға атасының құнын сұрайтын такси жүргізушілеріне наразылық жазбаларынан көз сүрінеді. Қазір қалаға қатынау үшін қалтаңызда кем дегенде 3500-4000 теңге болмаса қиын. Кейбір жүргізушілер 5000 теңгеден түсірмейді бағасын. Ал, сенбі, жексенбі күндері жолақысы 8000 теңгеге дейін көтерілетінін көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Бірқатары «осындай бассыздық әрекетке «Ай дейтін – әже, қой дейтін – қожа» болмай тұрғаны ма» деп қынжылады. Себебі, аталмыш мәселе аясында сұрақ көп те, әйтеуір жақсы нәтиже жоқ. Қалай десек те, бағаның сан құбылуы нарықтың бұлжымас қағидасына айналып, қалтасы жұқа халықтың жүйкесін де біршама жұқартып шымбайына, шынымен-ақ, батып отыр. Сонда өгіз де өлмей, арба да сынбас үшін қайтпек керек?
Жыртығына жамау жасалмай әбден тозығы жеткен жолдарда қоғамдық көліктер мүлде жүрмейді. Есесіне, көлік мінген таксишілердің айы оңынан туған сыңайлы. Бірақ, бұл пікірге такси жүргізушілері мүлде келіспейді. Олар шұрық-тесігі шыққан жолда жеңіл көліктің де адам тасымалында жүруі оңай шаруа емес екенін айтады. «Тар жол, тайғақ кешетіндердің» саны осы себепке байланысты тым сиреп кеткен. «Мирғали» көлік тұрағындағы жол жүруге дайындалып тұрған көлік жүргізушісін сөзге тартқанымда: - Бала-шағаның несібесі үшін үйдегі бар жұмысымызды тастап, күн-түн демей, күс басқан қолың рульге қарысқан күйі жолдан көз алмаймыз. Олай етпеске шара жоқ. Сәл ойланып кетсең, не дөңге-легіңді, не көлігіңнің астыңғы жағын сындырып алуың ғажап емес. Әрі бензин бағасы да күйдіріп тұр. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен жанармай стансыларында бензин 162 теңгеге дейін өсіп кеткен. Бензин бағасы – өз алдына, мініс көлігіңді қиратып алмайын деп қатты қиналасың. Сондықтан бағаны да өсіруге мәжбүрміз,-дейді.
Бұл жайттан жергілікті билік пен құзырлы органдар хабардар. Десе де, аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев бағаны реттеуге арнайы Заңға сәйкес дәрменсіз екендіктерін жасырмады. Мәліметінше, қала мен аудан орталығына маршурт шығаруға жолдың инфрақұрылымы жасалған кезде ғана рұқсат етіледі. Оның үстіне ешбір кәсіпкер қазіргі қиқа-жиқа жолға су жаңа автобусын шығарып, оны пайдасыз етіп, шығынға батқысы келмейді. Жүретін уақыты мен билетінің бағасы нақтыланған Атырауға қатынайтын пойыз мәселесі де әлі күнге шешімін таппады. Ағымдағы жылдың тамыз айында оң шешімі шығады деп күтілуде. Ал, жол құрылысына келсек, жұмыс өз деңгейінде қарқынды жүрсе белгіленген межеден кешіктірілмей, аяқталады. Такси жүргізушілеріне жолақысын қарапайым халықтың жағдайымен санасып, бір толқында ұстау қажеттігі туралы түсінік жұмыстары үнемі жүргізіледі. Алайда, ең өкініштісі - бағаны тым асқақтатуымен адамгершілік деңгейінің соншалықты төмен екенін байқататыны кейбір жас такси жүргізушілерінің түйсігіне кіріп-те шықпай тұрғаны...
Еркеназ Қалижан