Депутаттар күні аясында халық қалаулылары Дыңғызыл ауылдық округіне ат басын бұрды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов пен «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы директоры Өмірболат Есенғазиев бастаған бір топ депутаттар сапарларын Ғизат Әліпов ауылына салынып жатырған автокөлік жолының құрылысын қараудан бастады.
Жалпы алғанда бұл жолдың ұзындығы 43 шақырымды құрайды, Ақкөл мен Жыланды ауылдарының арасын қамтиды. Соның Ақкөл мен Ғ.Әліпов арасындағы 11 шақырымы төселіп жатыр.
Биыл Әліпов ауылына жеткізіледі. Мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС өкілдерімен әңгімеде аталған инфрақұрылымның құрылысына былтыр жобалау жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылдың 15-ші наурызында басталғанын білдік. Құрылысқа 17 адам, 20 техника жұмылдырылған. Жол бойында бұрыннан салынған су өтетін құбырлар да ауыстырылады. Оларға Алматыға тапсырыс берілген. Саз алып жатырған карьер жақын жерде, одан өзге Жыланды ауылының арғы жағында тағы екеуі бар көрінеді. Әліпов ауылына дейін 3 шақырым қалған. Депутаттардың жұмыс неге баяу деген сұрағына мердігер қолды байлайтын жұмыс жолдың негізін төсеу екенін, оның биіктігін екі метр етіп жасап жатқандарын уәж етті. Жыландыға апарған соң кері қарай жүріп, биыл үстіне қиыршық тас төсеп қоятындарын жеткізді.
«AMANAT» партиясы аудандық филиалының жанындағы партиялық бақылау комиссияның төрағасы Бержан Кенжебаев:
– Сіздердің үстеріңізден жиі шағым айтылады. «Комиссия мүшелері келгенде жолдың үстінде жүреді, сосын жоғалып кетеді», дейді тұрғындар. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», деген ғой. Осы қаншалықты рас? – деп сұрақты төтесінен қойды. Берілген жауапта құрылыс басталғалы ондай жағдай орын алмағаны айтылды.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов:
– Бұл жолмен ертең тұрғындар қатынайды. Халықтың ақшасына жасалып жатырған құрылыс. Сондықтан сапалы шығуына мән беріңіздер, - десе, облыстық мәслихаттың депутаты
Сабыржан Сұлтанов:
– Жол құрылысының негізгі төселімін уақытында аяқтаңыздар. Созатындай сылтау жоқ. Құрылыс материалы вагонмен келіп жатырған жоқ, дәл қазір сазды іргедегі карьерден алып отырсыздар, - деді. Басқа да депутаттар өз ұсыныстарын айтқаннан кейін халық қалаулылары жол құрылысын ай сайын қарап, тапсырыс беруші аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі арқылы күніне қанша метр төселгенін есепке алып отырайық деген тоқтамға келді.
Қанат Ғұмаров