Жол жөндеу жұмыстары жалғасуда

(0 Votes)

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық қоғамдық бақылау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиялары, аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері бірлескен түрде ауданда жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты.

Рейдтік шаралар тұрғындар тарапынан түскен аудан орталығынан Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы 29 шақырымдық жолдың қайта жаңғыртылуының кешеуілдеуі, ауылішілік және жаяу жүргіншілер жолының сапасыздығы, басқа да түйінді мәселелер төңірегіндегі сауалдарға орай жүргізілді.

Бірлік ауылының өткен жылы басталған 9,8 шақырымға созылатын кірме және ауылішілік жолдарын тротуарымен қоса қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда екен. Мұнда мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС-нің он шақты техникасы, жолшы жұмысшылары қиыршық тас төсеп, тегістеу жұмыстарымен айналысу үстінде. Ауылдық округ әкімі Бауыржан Ақбанов жігіттердің өз жұмыстарына кіріскеніне көп уақыт өтпесе де біраз іс тындырып тастағанын атап өтіп, қарқындарына разы екенін білдірді. Аудандық тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Шынболат Мусин ауыспалы болған бұл жұмыстарға биылғы жылға жергілікті бюджеттен 200,0 млн. теңге бөлінгенін хабардар етті.

img_1980

Учаске басшысы Наурызбек Садихов бізбен әңгімесінде: - Биылғы жұмысты елдегі карантиндік жағдайға байланысты тек 27 мамырда ғана бастап жатырмыз. Осы және Нұржаудағы, Ақкөлдегі, Қиғаштағы ауылішілік жолдардан басқа өткен жылдан ауысқан «Құрманғазы-Бірлік-Котяев» бағытындағы автотрассаны қалпына келтірумен айналысамыз. Қажетті қиыршық тастар жақын маңға тасымалданып алынды, ал гравий аралас құм темір жол тасымалына байланысты сәл кешеуілдеп жатыр. Қайтадан жаңғыртылуға жататын көпірлердің біреуінен басқасы жөнделіп, ыстық асфальт төселуі қалып тұр. Алдағы уақытта өр суы басып кеткен айналма жолдар кепкесін асфальт зауытымыз қайтадан іске қосылған бойда төсеуді дереу бастаймыз, - деді.

img_1985

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов бастаған рейд ұйымдастырушылардың межеленген істердің уақытында аяқталуы, оның сапасы, жұмысқа жергілікті кадрларды тарту сияқты сұрақтарына учаске басшысы нысанды көзделген мерзімде аяқтауға тырысатындықтарын, оған мүмкіндіктері жеткілікті екендігін, жобаға тартылатын жұмысшылардың 30 пайызын жергілікті жерден жұмыспен қамту орталығы арқылы алынатындығын сендіріп бақты.

Нұржау ауылына кірме және ауылішілік жолдарын жаңғырту жұмыстарына да мердігер мекеме «Бекет Сәт Жол» ЖШС-нің 10 техникасы мен 5 жұмысшысы қатысуда. Мұндағы жұмыстардың басы-қасында жүрген жол шебері Кенжеғали Нағимов Шөбеке көпірінен Ақкөлге апаратын жол қиылысына дейін созылатын 10 шақырымдық жолдың жұмыс барысын көрсетті. Қазіргі уақытта жол табаны тегістеліп, саз төселіп жатырғанының куәсі болдық. Мұнда да жолшы жігіттер елдегі індетке орай сақтық шараларын барынша сақтап, бетпердемен жұмыс істеу үстінде.

img_1986

Бұдан соң рейдтік тексеру қаңтар айында өткен тұрғындар жиынында айтылған республикалық маңызы бар «Атырау-Астрахан» тас жолы бойындағы ауылдар маңынан мал өткелері мен бұрылыстар салудың мақұлданған тұстарды зерделеумен жалғасты.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521