Жол жөнделіп, ауыз су тартылуда

(1 Vote)

Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев онлайн форматта тұрғындармен кездесіп, ауылдың өткен жылғы әлеуметтік экономикалық  дамуының  қорытындысы мен биылғы жылға межеленген міндеттері туралы есеп беру жиынын өткізді.

Баяндамашы өз сөзінде округ әкімдігі орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру, Котяев ауылына су құбырын тарту жұмыстарын жыл аяғына дейін аяқтау жоспарда барын қаперге берді.   

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Якуб Исмағұлов:

- Біздің округтің бас жоспарына ауылдың шығыс жақ беті енгізілмеген. Сондықтан, бұл мәселені  оңтайлы шешіп, сол жақтан заманауи жаңа типті мектеп құрылысын және жастар үшін жазғы ойын алаңын салуды күн тәртібінен түсірмеу қажет, - дейді.

Ауыл тұрғыны Еламан Ертаев бұрынғы Котяев дәрігерлік амбулаториясының бос тұрғанын, ғимаратқа жылу мен электр жарығы жүргізілмегенін айтып, аудан әкімінен оның құжаттарын қалпына келтіруді сұрайды. Ауыл тұрғыны Берік Дюсалиев М.Әуезов және Қ.Сәтпаев көшелеріне жарық орнатуды алға тартса, Әмірғали Бисахов жаңадан салынатын клуб құрылысы биыл басталса деген байдалықтардың ортақ өтінішін жеткізді. Бұдан басқа ауыл тұрғыны Салауат Сүлейменов қоқыс төгетін орынды басқа жерге көшіруді, Нұрлан Жантумаев округ әкімшілігі ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді ұсыныс еткен. Мүбарак Ахметқалиев жазғы су мәселесін көтерсе, Болат Түсіпқалиев округті қалдық су соратын автокөлікпен қамтамасыз етуді сұраған.      

Аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

- Көтеріліп отырған мәселелердің бәрі орынды. Аудан бойынша барлық округтердің бас жоспарларына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Бұл бағытта ауыл әкімінің ұсынысына орай инфрақұрылымдарды тарту, тағы басқа қажетті іске асырылатын жұмыстар зерделенетін болады.

Былтырғы жылы "Болат-Д" ЖШС Кудряшов, Байда ауылдық округтеріне ауыз су құбырларын тарту жұмыстарын бастады. Биыл бұл жұмыс әрі қарай жалғасын табады.

Бос тұрған дәрігерлік амбулаторияны округ теңгеріміне алып, ардагерлер, аналар кеңестері сынды қоғамдық ұйымдарды сол жерге көшіру бағытында облыс әкімдігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Ауылға көше жарығын тарту жөнінде округ әкімінен бюджеттік өтінім келіп түсті. Бұл мәселенің қаржы мүмкіншілігіне қарай шешімі табылатынын қаперге беремін.

Көптеген ауылдық округтерде мәдениет үйлерінің жағдайы сын көтермейді. Осыған орай, ЖСҚ жасақталуда. Қаржы бөлінуіне орай оны жүзеге асырамыз.

Республикалық маңызы бар жолда тұрмыстық қалдықтарды төгетін орынды реттеу бағытында өткен жылы ауданнан техникалар жұмылдырылып, біраз жұмыстар атқарылды. Ауыл тұрғынының ұсынысына байланысты қолданыстағы заңдарға сәйкес бұл мәселені ескеретін боламыз. Бұл біздің күн тәртібіндегі жоспарымызда бар, - дей келе, басқа да ұсыныс-тілектерге тұшымды жауабын қайтарды.

Одан әрі Қайрат Талапұлы "Котяев-Құрманғазы" бағытындағы республикалық маңызы бар жолды толықтай тұрғындар игілігіне пайдалануға беру, Құрманғазыдан Байдаға салынып жатқан жол құрылысын аяқтау сынды биылғы жылы жүзеге асырылатын жобалардан хабардар етті.

А.Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521