ЖОЛ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ

(0 Votes)

Аудан әкімі Қайрат Нұртаев Құрманғазы ауылындағы орталық жылыту қазанына барып, жылу беру маусымы басталуына байланысты қысқа дайындығымен танысты.

«Тұрмыстық қызмет» КМК басшысы Жанғабыл Шамұратов әзірге тек бір жылыту қазаны жұмыс жасап тұрғанын, қатты аяз болса екіншісі де қосылатынын жеткізді. Жағдайға қаныққан аудан басшысы жөндеу жобасын жасағанда оған ғимараттың ауласын абаттандыруды қосу қажеттігін айтты.

Геотекстил су жібермейді

Одан әрі аудан әкімі Қайрат Талапұлы салынып жатырған жолдардың құрылысында болды. Мердігер мекеме «Атырау-Көлік» ЖШС Теңіз ауылдық округіндегі ауылішілік жол құрылысын қарқынды жүргізуде. Төселген асфальт теп-тегіс шығуда. Жаяу жүргіншілер жолына қиыршық тас төселіпті, енді үстіне 5 см қалыңдықта асфальт құйылады. Аралау барысында аудан басшысы мердігер мекеме өкілінен шешімін күткен қандай мәселелері барын сұрап, көпірдің жанын ретке келтіруді, жол белгілерін қоюды тапсырды. Бұл құрылыс желтоқсан айында бітеді. Округ әкімі Анарбек Баймұханов ауылдағы балық цехына келетін ірі көліктер негізгі жолды бүлдірмес үшін бір шақырымдай айналма жол жасау керек деген ұсынысын ортаға салды.

img_6188

img_6189

Келесі кезекте салынып жатқан Құрманғазы-Бірлік тас жолының 0,29 шақырымында болдық. Аталған жолдың ені 7 метр. Күніне 500 метр жері бітуде. Мердігер мекеме «Бекет Сәт жол» ЖШС. Бізбен әңгімесінде Қайрат Талапұлы мұның жобасын кезінде өзі жасағанын, бұл жерге су жиналатыны ескеріліп астына геотекстил төселіп, содан соң үстіне құм төгіліп, қиыршық тас, асфальт түсетінін жеткізді. Мердігер мекеме өкілімен әңгімесінде аудан әкімі Қайрат Нұртаев:

img_6195

img_6200

– Ауа райының қолайлы болып тұрғанын пайдаланып қалыңыздар. Екі бригада шығарып, күні-түні кезекпен істеңіздер. Жолды толық бітірмей ашпаңыздар. Ең бастысы күнделікті атқарылған жұмыстың көлеміне емес, сапасына көңіл бөліңіздер, - деді. «Қарасай Строй Сервис» ЖШС құрылысын жүргізіп жатырған Котяев-Шортанбай тас жолының құрылысымен танысқан аудан басшысы мердігер мекеме өкіліне біраз сын айтып, оларды ретке келтіріп, осы айдың аяғына дейін пайдалануға беруді тапсырды. Шортанбай ауылдық округіндегі судан қорғау бөгетінің 1200 метрдей жері су шайып кету қаупінде екен. Бөгет үстінде тұрғындардың қоралары орналасқан. Аудан әкімі Қ.Нұртаев теріс ағын шаюы мүмкін тұсына топырақ, қиыршық тас төгіп, темір тор салып бекіту қажеттігін айтты. Ол маңдағы үй-жайларды көшіру жөнінде Шортанбай балық зауытының директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Болат Абдоловпен ақылдасып, тұрғындар жиынын өткізу керек деген шешімге келді.

Жаңа жүзбелі өткел алынады

Ауылдық клубта өткен тұрғындар жиынында аудан әкімі Қайрат Талапұлы:

img_6202

img_6232

– Көптоғайдағы ең үлкен мәселе бұл жүзбелі өткел. Осы ауданға әкім болып келіп, шешімін күткен мәселелерімен облыс басшысына кіргенімде ол кісі жаңа баркас алуға қаржы бөлуді қолдаған. Баркас дайындайтын жер Қазақстан бойынша Орал қаласында орналасқан. Сондағы мамандардың айтуынша оны жасауға 11 ай кетеді. Биыл ол қаржы игерілмейтін болғандықтан келесі жылдың басында тапсырыс беріп, аяғына дейін баркас аламыз деген жоспарымыз бар. Бұрынғы жүзбелі өткелді сенімгерлік басқаруға осы жердің азаматы алды. Жаңа көрдік сырлап, жақсы етіп қойған екен. Оған келетін Жасталап-Жыланды жолы салынып жатыр. Биыл толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі. Мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізінде көптеген жобаларды жүзеге асырып отырмыз. Оған Көптоғай ауылының ішін жарықтандыру мәселесін қостық. Бірінші жобасын жасап, қаржысын анықтаймыз. Шекарадан өткізу мәселесі бойынша оның қызметкерлерін осында әдейі шақырдық. Маған мал өтіп кететінін, шекарашылар қызмет орнында болмайтынын естідім. Оның ғимаратын салған мердігер мекеменің жосықсыздығына байланысты мұндағы жұмыстар қалай болса солай жасалған. Екі жағындағы шлагбауым жұмыс істемейді. Мердігерді жауапкершілікке тартып, сотта жеңіп шықтық. Сөздің шыны керек, жобалауда да кеткен кемшіліктер бар, кейбір нәрселер ескерілмеген. Қазір соны да жасатып жатырмыз, - деді.

img_6230

Пошта қызметімен жеке кәсіпкерлер айналысады

Көптоғай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайыржан Өтепов «Көптоғай» кеңшарының кезінде Одаққа белгілі болғанына тоқталып, егін салу, жүзбелі өткел, жайылымдық жердің тарлығы, шекарадан өту, ауылға медпункт салу мәселелерін көтерді. Ауыл тұрғындары өз тарапынан пошта жұмысын жолға қою, зираттар мен қоқыс алаңын қоршау және т.б. қозғады. Шекарадан өтуге қатысты 2016 әскери бөлімі командирінің орынбасары Ерхат Рафихов, Құрманғазы комендатурасының коменданты Юрий Гафаров жауап қайтарып, өткізу пунктінен күніне бір-екі адамнан артық өтпейтіндіктен тәулік бойы шекарашы ұстау мүмкін болмай отырғанын, сым қоршауларды ауыстыруға бөлім тарапынан қаржы бөлінбейтінін түсіндірді.

img_6226

img_6244

Аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Әлімбай Әбдірахман өз сөзінде шекара таңертең келіп, түске кешке тастап жүре беретін клуб немесе балабақша еместігін, ол қырағы күзетілуі тиістігін айтты. Аудан әкімі Қ.Нұртаев шекарашыларға ел шебі бойының құлаған соқалары мен үзілген сымдары болса біртіндеп ауыстырып беруге әзір екендерін айтып, оны нақты анықтап өзіне мәлімдеуді тапсырды. «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының басшысы Виктор Түсекеев соңғы кезде көптеген қызметтердің электронды түрге көшірілуіне байланысты акционерлік қоғамның кірісінен шығысы басым түсіп отырғанын жеткізді. Соған орай ғимараттарды жалға алып отырған пошта бөлімшелері жабылып, бұл жұмыспен жеке кәсіпкерлер айналысады.

img_6250

img_6252

Тұрғындар жиынын округ әкімі Батырбек Балтаев қорытындылап, оған қатысқан аудан әкімі Қ.Нұртаев пен дербес бөлім басшыларына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT