Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жиын алдында аудан орталығының тыныс-тіршілігімен мүмкіндігігне қарай танысып шыққанын, атқарылған істерден хабардар болғанын, аудан әкіміне бұл бағытта әлі де жұмыстана түсуі қажеттігін айтып, бірқатар тапсырмалар берді.
– Ауданда өнеркәсіп өндірісі кенжелеу қалып келеді, өнімі азайғаны турасында жаңағы шығып сөйлеушілердің бірі де айтып өтті, инвестициялық жобалар қолға алынбай отыр. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жандандырып, ивестициялар тартуды жүктеймін. Ауыл шаруашылығы бойынша мал басын өсіру, асылдандыру, мал азығын дайындау жұмыстарын дұрыс жолға қойып, суғарудың заманауи озық технологияларын пайдалану арқылы егістік көлемін ұлғайтуды назарға ұстауды тапсырамын. Жұмыссыздықты жою, кедейшілікпен күрес, тұрақты жұмыспен қамту жергілікті атқарушы органның басты мәселелерінің бірі болып қала бермек. Осы орайда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе отырып, облыс көлемінде орналасқан ірі кәсіпорындармен меморандумға отырып, жұмыссыз жүргендерді жұмысқа орналастыруды міндетттеймін. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету масатында су тазарту қондырғыларының талапқа сай болуы қатаң қадағалануы қажет. Ауылішілік және кірме жолдардың құрылысын тиянақты аяқтап, үстеріңізден Атырау-Астарахан ірі жол құрылысының жүргізілуіне орай «Қазақавтожол» мекемесімен бірлескен түрде жергілікті кәсіпкерлік құрылымдарды тарта отырып, жол-сервистік қызметтерді қолға алып, дамытуды тапсырамын. Қай жерде де күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе – тазалық жағдайы, бұл орайда ауыл-ауылдарға қоқыс салатын жәшіктер қою, олардың уақытында шығарылып отыруын қадағалау, қоқыс полигондарын талапқа сай жабдықтау, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, сұрыптау, кәдеге жаратуды ұйымдастыру бағытында жұмыстар жүргізілуі тиіс, - деген аймақ басшысы жасы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс, мал ұрлығы көпшілікті алаңдатыып отырғанына тоқталып, қауіпсіздікті нығайту, қылмыспен күрес мақсатында облыстық полиция департаментімен кешенді профилактмкалық шараларды қолға алуды ұсынды.
А.НӘЖІМОВ