Қазақстан Республикасы Индустрия, инфрақұрылым, даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов, Ұлттық сапа орталығының басшысы Замир Шагиров, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасы Мейрхат Қасымбаев және басқа да жол құрылысына жауапты мамандар өңірімізде болып, аудан орталығындағы ашық алаңда құрманғазылықтармен кездесті.
Алдымен облыс әкімі Серік Шапкенов келу мақсаттарын түсіндіріп, жыр болған «Атырау-Астрахань» жол құрылысының жұмысы алдағы уақытта қарқынды жүретінін, оған қатысты тұрғындардың толғандырған сұрақтарына орталарынан табылған лауазым өкілдері жауап беруге әзір екендіктерін жеткізді. «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» аралығындағы жолдың картасын түсіндірген «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасы Мейрхат Қасымбаев:
- Жобалау кезінде біраз қателіктер болғандықтан, «Атырау-Астрахань» тас жолының құрылысы 1,5 жылға тоқтап қалды. Биылдан бастап бұл жұмыс жанданады, әр учаскеге жауапты мердігерлердің атқарған ісін біз қатаң қадағалауда ұстаймыз. Әрбір ай сайын 5-6 шақырым аяқталған жолды тексеріп барып, қолданысқа беріп отырамыз, -деді.
Біз бұл мәселені енді үнемі бақылауға аламыз. Өзім бастап облыс әкімімен бір жарым ай сайын Автомобиль жолдары комитеті басшысының, «ҚазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясы және Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы басшыларының орынбасарлары осында әр 10 күнде келіп, мердігер мекеме өкілдерінің есебін тыңдап, жолды реконструкциялау аяқталғанға дейін тұрақты түрде қадағалайтын боламыз. Өйткені, министрлік бұл басталған жобаны күнделікті бақылауда ұстап отыр. Тексеру барысында мердігер мекеме басшылары атқарған, ендігі жасалатын жұмыстарын жол картасы арқылы түсінідіреді. Атырауға дейін көлік жүруге ыңғайлы етіп асфальт төсеуді жылдың аяғына дейін бітіріп, ашуды жоспарлап отырмыз. Ал 2023 жылы жол құрылысының жұмысы толығымен аяқталады, - деп министр Қайырбек Өскенбаев көптің көкейіндегі күдікті сейілтіп, қуанышты хабарымен бөлісті. Аймақ басшысы Серік Жамбылұлы басталған құрылыстың созбалануы қадағалауға байланысты деп есептейтінін, сондықтан министрлікпен бірлесіп қатаң бақылау күшейтілетінін алға тартты. – Енді менің бір орынбасарым құрылыс жұмыстарының уақытында аяқталуын күнделікті қадағалап отырады және маған күнделікті есеп береді. Атырау-Астрахан» тас жолының құрылысын аяқтап, халық игілігіне беру – күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Қайырбек Айтбайұлымен бірге жол бойындағы мердігерлерді тыңдап келе жатырмыз. Бүгінгі таңда олар құрылыс материалдарын дайындап, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісуде. Қандай жоспарлары және оны қай уақытқа белгілегендігінен хабардар болғаннан кейін оны шегелеп бекітіп аламыз. Содан кейін жауапты мамандар мұны бақылауда ұстайды. Қажетті құрылыс материалдарының уақытында келмеуі, вагонның жетіспеуі сынды түрлі сылтауларды болдырмай алдын алу үшін тексеруді күшейтеміз. Елге, осы жердің тұрғындарына арналған жол болғандықтан сапасын, техникалардың жетіліктіліктілігін қадағалап отыратын қоғам белсенділерінің де көмегі бізге аса қажет. Әлеуметтік желіде осы бағытта ортақ чат ашып, орын алған мәселелерді бір-бірімізге хабардар етіп отырамыз. Өйткені, мүмкіндігінше осы уақытты тиімді пайдаланып, үлкен жұмысты дер кезінде бітіріп алуымыз қажет. Министр де біздің ұсынысымызды қабыл алып, өз командасымен араларыңызға келіп, жұмыстың жүру бағытын өз көзімен көрді. Олармен ақылдаса отырып, ортақ жоспар жасап, алдағы күндері оның іске асырылуына бар күш жігерімізді саламыз. Жол бойындағы 4 учаскенің мердігер мекеме басшылары жұмыстарын уақытында тапсыратыны жөнінде уәделерін берді. Кешігудің объективті, субъективті себептері болып жатса, оны да сіздерге айтып, жария етеміз, - деді облыс әкімі.
Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадірбай Жармұхамбетов шикізат ретінде қолданылатын топырақ қай жақтан алынатынына қызығушылық танытты. Оған жауап берген «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ төрағасы Мейрхат Қасымбаев топырақ жергілікті жерден алынатынын яғни сапасы тексерілгендігін, мемлекеттік сараптамадан өткендігін, қиыршық тас Ақтөбеден, Мұғалжардан әкелінетінін айтты. Прокуратура саласының ардагері Ғизатолла Мүрсәлиев ең бірінші кезекте жолдың сапалы салынуына айрықша мән беру, құзырлы органдар тарапынан бақылауды күшейту, құм төсеуді доғарту, сазды көп қолдану жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Құрылыс саласының ардагері Ержан Рысқалиев, жеке кәсіпкер Әбдібек Бисенов мердігерлердің салғырттығы, жол төсеуде кеткен кемшіліктерді санамалап берді. Айналма жолды күтіп-ұстау жөнінде де ескертті. Себебі, жүк камаздарының артынан жүрген жеңіл көліктер шаңға көміліп, алды көрінбейтінін көз көріп жүр. Еңбек ардагері Мақсот Есімғалиев Құрманғазы ауданы аумағына мал өтетін өткелдердің санын молайту керектігін ескертті.
Бекболат Зинеденов салынып жатқан жол бойында өзі байқаған олқылықтарды тізбелеп берді. Көпірлердің екі жанына уақытша ескі қоршаулар қолданып жатқанын, неліктен жаңасын бірден әкеліп қондырылмайтынын сұрап, жұмысшылар көмген топырақтарын қайтадан қазбағанын, шипажай жанындағы ескі көпір бұзылуы қажеттігін жеткізді. Ұлттық сапа орталығының басшысы Замир Шагиров: – Біз сыртынан келіп тексергенде мердігер мен жоба жасаушы инженердің арасында келіспеушілік болса онда өз сараптамамызды береміз. Әр облыста филиалымыз бар. Күмән туғызған әрбір материалды комиссия құрамымен келіп зертханаларға апарып тексереміз. Мердігердің басты мақсаты пайда табу болса, біз сапаны осалсытып алмауды көздейміз, - деді. «СинеМидасСтрой» компаниясының өндірістік сұрақтар жөніндегі атқарушы директорының орынбасары Мехмед Дильшад үш қабат төселетін 682-845 шақырым жолдың реконструкциялау жұмыстарын сызба арқылы түсіндірді. Одан әрі жиналған тұрғындар өңірге қатысты өткір мәселелерді көтерді. Әсіресе, арналардың құрғауы, өзендердің тартылуы, қоқыс полигондарының салынуы, ауылішілік жол құрылыстарының уақытында басталмауы жөнінде түйткілдерден хабардар етіп, оның кейбіреулерінің шешілу жолдары туралы өз ұсыныстарын аймақ басшысының қаперіне берді.
Айнагүл Күнұзаққызы