Жол құрылысы – басты назарда

(0 Votes)

Жалпы құрылысы басталатын нысандардың жобасын жасағанда кейбір нәрселер одан тыс қалып қойып, соңынан сан соғып жатамыз.

Мұны талай көріп, шекемізге тиіп жүр. Мердігер мекеме тек жобада көрсетілген жұмысты ғана атқарады. Оған одан бөлек ақша бөлінбейді. Міне, бірнеше округте алға қарай салынатын ауылішілік және кірме жолдардың жобасын жасау басталды. Оларда да ертең кейбір нәрселер ескерілмей қалуы мүмкін ғой. Сондықтан, «Келісіп пішкен тон келте болмайтыны» айдан анық. Жобада кемшілікке жол бермеу, басты мақсат.

Осындай мақсатпен аудан басшылығы, сала мамандары Мақаш ауылдық округінде болды. Мұнда асфальт жол төселеді. Мердігер «Оралводпроект» ЖШС өкілдері болашақта салынатын ауылішілік және кірме жолдардың жобасын жасамаққа келіпті.   Аудан басшысына ауылдық округтің жоғарыдан түсірілген суреттері ұсынылды, онда қай жерде не бар екені түгел көрініп тұр. Жобаға қосуға тиісті және өзгертетін жерлерге қатысты аудан әкімінің орынбасары Б.Сисатов, округ әкімі Б.Қадыров өз ұсыныстарын айтты.

Суретке мұқият қарап, өз қолымен түзетулерін енгізген аудан әкімі М.Мурзиев: – Жол барлық көшеге салынғаны дұрыс, жобада бәрін қамтуымыз қажет. 10,2 шақырым болатын екі кірме жолды да қосқан жөн. Мүмкіндік болса салынатын асфальттың енін кеңейтсе, тіпті жақсы. Ауыл ішінің жобасын биыл бітіріп алуымыз керек, - деді.

Бұдан соң Афанасьев ауылына ат басын бұрды. Атырауға баратын күре жол мен ауылдың арақашықтығы–500 метрдей жер. Бұрыннан бар қара жолды құм басып, кей жері өркештеніп, толқын сияқтанып жатыр. Тұрғындар айтса айтқандай, оның бойымен жеңіл көліктердің жүруі қиын. Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы осы жолды  күреп, жан-жағындағы құмын аршып, ретке келтіру керек деп шешті. Әзірге басқаша істеу мүмкін емес. Жаңа жол салу бірнеше миллиард теңгеге шығады. Биыл оған ақша бөлінбейді. Келесі жылы ғана жобасы жасалмақ.

 
Қанат Ғұмаров,

аудан әкімінің баспасөз хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521