Аудан орталығы мен Азғыр өңірін жалғайтын облыстық маңыздағы «7-разъезд – Асан – Азғыр – Балқұдық - Сүйіндік» автожолының орташа жөндеу жұмыстарына өткен әзірде біраз сын айтылған болатын.
Мердігер мекеме - «Алсим-2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз қызметтеріне жауапсыз қарайтындығы, техникаларының жеткіліксіздігі жайында әлеуметтік желіде біраз жазылды. Мәселеге орай облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың басшылығымен құрылған комиссияда қыр бойына келіп жағдаймен танысып кетті. Аудан әкімі Абат Жанғалиев те өзінің назарында ұстап, Азғыр бойына сапарлаған сайын жұмыстың жүру барысын көзімен көріп қадағалап отырады.
Сыннан қорытынды шығарғандай жол жөндеуші серіктестің жұмысында қозғалыс барын көз көріп жүр. Қазіргі уақытта жолшылар 90 шақырымды артқа тастап, Қошалақ ауылына жетті. Қырдың жолының ені кеңейтіліп, тегістеліп, екі көліктің емін-еркін өтуіне қолайлы жағдай жасалғаны қуантады. Автогрейдер техникасын тізгіндеген жүргізуші Нұржан Қоңыратбаев пен мекеменің супервайзері Шыңғыс Салықбай жыл басындағы мерекелік күндерде де жол бойында жүрді. Ауа-райының жылы күндерін пайдаланып жол жөндеуді өндіріп алуды ұйғарыпты. Жауынды-шашынды күндерде жүруге қиындық келтіретін балшық сорларды айналып өтіп, қатқыл табан жол төселу үстінде. Қуатты техниканың операторы Нұржан ініміз жол жөндеуді сапалы атқарып, жолаушылардың діттеген жеріне дін-аман, уақытында барса біз үшін одан артығы жоқ дейді.
«Біткен іске сыншы көп» дегендей, бұл жұмыстарға да мін айтушылар көп. Ең бастысы, жолдың оқалақ-шоқалағы тегістеліп қалды. Қалған жұмыстары да ойдағыдай орындалады деген ойдамын. Алда қырдың ақ шағылы мен тұзды соры кезектесіп отыратын Қошалақтан Азғырға дейінгі ұзақ жолы жатыр. Ендеше, жолшыдардың жұмысына сәттілік тілейік, ағайын!
Есмұхан ЖАНИЗИН,
ҚР Журналистер одағының мүшесі