Халық үніне құлақ асқан аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиеваның шақыртуымен «Атырау жолдары» ЖШС-нің директоры Орынбасар Өтепқалиев ауданымыздың Дыңғызыл ауылдық округіне қарасты Ғизат Әліпов, Ақкөл, Жаңаталап, Орлы ауылдық округтерінде болып, жол құрылысы басында тұрғындармен кездесті.
Кездесуге аталған округтердің әкімдері Оралбай Әзімов, Әлімбай Абдрахман, Сұңғат Бірәлиев, Жандос Бектеміров, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражев, аудандық мәслихаттың депутаттары Нариман Хайрошов, Әнуарбек Сәбитов, Нұрлан Елемесұлы, Жұмажан Шакупов, Айбек Зиноллаев қатысты.
Ғизат Әліпов ауылының тұрғындары жол құрылысына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Айтуларынша екі жыл бойы бітпей жатқан бұл жолға жаңбыр жауса бетіне төселген сазы езіліп, онымен жүру әсте мүмкін болмайды. Ақкөл ауылымен аралыққа қиыршық тасы батпаққа араласып кететін жол емес, асфальт төселуі керек. Жақында ғана үш күн жаңбыр жауғанда аталған елді мекенге бару үшін көліктер 50 шақырымды айналған. Бұл ауру адамдарға қиындық туғызуда. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, оның үстіне такси бағасы да ұшынып тұр. Осылай мұңын шаққан тұрғындар халықтың наразылығын тудырмай, бір шақырым болса да уақытында және сапалы жасалуын талап етіп, олай болмаған жағдайда бұл мәселені жоғары жақтарда да көтеретіндерін ескертті.
«Атырау жолдары» ЖШС-нің директоры Орынбасар Өтепқалиев:
– Ғ.Әліпов пен Ақкөл ауылы арасындағы жол құрылысы жобасының жалпы құны 8,5 млрд теңге. Биыл 12 шақырымына 1 млрд теңге бөлініп отыр. Мамыр айының ортасына дейін алуымыз қажет. Бірақ, оған қарамай қазіргі уақытта бастап кеттік. Топырақ төгу жұмыстары жасалып, тұрбалар дайындалып, ұсақ қиыршықты құм (ПГС) келіп жатыр. Кешігуіміздің тағы бір себебі жол құрылысы жобасында қате кетіп, былтырдан бері ақша алған жоқпыз. Қаржысы қайта есептеліп, жоба 21 сәуір күні бітті. Енді 1-2 күнде келісімге отырайын деп жатырмыз. Жұмысты осы жерден бастаймыз. Қиыршық тас төгеміз. Ақша бөлініп жатса асфальттап беруге тырысамыз. Бұл биылғы бөлінген қаражатқа байланысты. Ұсыныстарыңызды ескеріп, 12 шақырымға асфальт төсеуге қаражат бөлуін сұрап хат жазамыз. 2-3 жылға созылып кетуінің тағы бір себебі ауданымызда республикалық маңызы бар Атырау-Астрахан жолының да құрылысы жүрді. Вагондар босамай, оларды қоятын тұйықтар (тупик) болмай біраз қиындықтар көрдік. Биылдан бастап Исатай ауданына өткен соң, ақшаны уақытында алып, вагондар бөлінсе, жұмысымыз қарқын алады деп күтеміз. Қайта есептеу де жыл жарымға созылып кетті. Олай етпей болмайды. Бүгінде құрылыс материалдары 2 есе қымбатсыды. Бұрынғы бағамен бөлінген қаржыны игере алмаймыз. Мысалы, жобада қиыршық тас бұрын 5 мың теңге болса, қазір 11 мың теңгеге көтерілді. Ақшамызды алған соң, 10 шақты күнде материал келеді, содан соң 1 маусымда бастап, биыл бұл жолды аяқтаймыз. Үстіне 15 см ПГС, 15 см қиыршық тас төселеді. Саз міндетті түрде төселеді, қара топырақтың үстіне жол салынбайды. Мұның бәрі жобада қаралған, – деп құрылыс жұмыстарының белгіленген кестемен атқарылатынын, техникалық қадағалау, зертхана тарапынан тексерістен өтетінін жеткізді.
Сонымен қатар, вагонмен әкелінетін құрылыс материалдары Ақтөбе облысынан тасылатындықтан бірнеше күн жүретінін, сондай жағдайда жол құрылысында кідіріс орын алса ол жұмыс тоқтап қалды дегенді білдірмейтінін айтып, тұрғындардан түсіністікпен қарауларын сұрады. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы директоры Өмірболат Есенғазиев, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Бержан Кенжебаев, округ әкімдері, аудандық мәслихаттың депутаттары тарапынан туындаған сұрақтарға жауап қайтарып, ұсыныстарын тыңдады.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева:
– Қоғамдық бақылау бар. Өздеріңіз жол құрылысы барысын әкімдеріңізбен бірігіп біздерге айтып отырыңыздар. Сіздердің жанайқайларыңызды біз жауапсыз қалдырмаймыз. Сол себепті «Атырау жолдары» мекемесінің басшысы Орынбасар азаматымызды ортамызға келіңіз, жол құрылысының неге кешуілдеп жатқанын, қандай кедергілер барын халыққа түсіндіріңіз деп қайта-қайта хабарласып осында шақырттық. Бұл мердігер ұсынымызды құп алып, қаржы бөлінгенге дейін жұмысты бастап жатыр. Өздеріңіз сайлаған аудандық мәслихаттың депутаты Нариман Хайрошовта бұл мәселені жиі қозғауда, – деп жол құрылысының барысы бақылауда ұсталатынын қаперге берді.
Тұрғындармен кездесіп, мәселемен танысып жатқаны үшін «Атырау жолдары» ЖШС-нің директоры Орынбасар Өтепқалиевке ризашылығын білдірді. Ақкөл ауылында болған кездесуде ардагерлер Рухолла Билялов, Нұржамал Сүйінова және басқалары ауыл ішілік жолды қырып саз төсегендіктен жаңбыр жауса жүру мұң болғанын, жол астына тұрба салу қажеттігін, жаяу жүргіншілер жолы биік екенін, кей жерін шөп тесіп жатқанын айтты. Тұрғындардың жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмайды. Қаржы бөлінсе Ақкөлдің ішкі жолы келесі жылы аяқталады. Жаңаталап, Орлы ауылдық округтерінде де мәселелер баршылық. Жасалатын жол құрылысына Хиуаз ауылынан бір адамды бақылаушы ретінде ақылы қызметке алу ұсынылды. Аталған екі округте ауыл ішілік жол құрылысы келесі жылы басталады.
Хиуаз ауылында көпірлерді қайтадан салу жобаға енгізілуі тиіс. Орлыда жол салынғанға дейін адамдар жиі қатынайтын жерлерді жүруге ыңғайлап беру қолға алынбақ. «Атырау жолдары» ЖШС-нің директоры Орынбасар Өтепқалиев құрылыс жұмыстары жасалатын ауылішілік жолдарды күтіп ұстап, қырып беруді ұйымдастыруды ауданымыздағы өкіліне тапсырды. Олардың жобасына өзгеріс енгізіліп, қаржы бөлініп кетпей тұрғанда тұрғындардың оны мұқият талқылап, ұсыныстарын айтып, тиісті орындарға хат жолдауларын сұрады.
Қанат ҒҰМАРОВ