Жол қауіпсіздігін сақтау рейді

(0 Votes)

Соңғы кезде Атырау облысында адам өлімімен аяқталып жатқан жол-көлік апаты көбеюіне байланысты 23 мамырдан бастап ауданымыздың көлемінде «Жолаушылардың жолдағы қауіпсіздігі» бірлескен рейдтік жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Оған аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі инспекторлары, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалы, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Іс-шараның мақсаты аудан көлемінде заңсыз адам тасымалдау, басқару рөлі оң жақта орналасқан көлік құралдары, оның ішінде шетелде тіркелген автокөліктермен жасалатын жол апатының алдын алу.

Аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің инспекторы Ерсін Ғайнетовтің айтуынша соңғы уақытта рөлі оң жақты орналасқан автокөліктердің қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Мұндай көліктермен жолаушы тасымалдауға тыйым салынғанымен оған мән бермейтін, жоғары жылдамдықпен жүретін жүргізушілер барын естідік. Рейд барысында бірнеше көліктер тоқтатылды. Кейбірінің артындағы жарық шамдары мен нөмірлері батпақтан көрінбейді. Оларға тазалауы қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ алдыңғы жағына жарығы күшті автокөлік шамдарын орнатқандарға да оның түнде шағылысып, жол апатына себеп болатыны түсіндірілді. Кәмелетке толмаған баланы мінгізгенімен оған арналған орындығы, сақтандыру полисі жоқ, техникалық және медициналық тексеруден өтпеген және басқа да жолда жүру ережесін бұзған автокөліктерге тиісті шаралары алынды.

Жүргізушілер болса өз тараптарынан жолдың жамандығын, Манаштан Зейнеден ата бейітіне дейінгі жердің шұңқырға толы екенін, жол апатының бір себебі осында жатқанын алға тартты. Көбі шараның мақсатына түсіністік танытқанымен, жолда жүру ережесін бұзғанымен қоймай, өзінікін дұрыс санап, дауыс көтергендері де кездесті. Жедел-профилактикалық іс-шара осы айдың соңына дейін жалғасатын болады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521