Атырау – Астрахань тас жолының құрылысы басталғанына қуаныштымыз әрине.
Басталған істің аяқсыз қалмасы белгілі. Тақтайдай тегіс автокөлік жолымен мұнайлы Астанаға жетіп барып, қайыра оралатын күн де қашық болмас, сірә. Қазіргі айтпағымыз облыс орталығына барып, кері оралудың қиындығы. Таксишілер бағаны аспандатып жіберді. Бұрынғы бір бағытқа алатын 2500 теңгемен жылап көріскендей жағдайға жеттік. 3000-3500 десе, шүкір әйтеуір дейтін болдық. Қарт-кемпір, студентсің бе, оларға бәрібір, сіресіп тұрып алады. Бір-бірін жасырып, бұдан басқа такси жоқ етіп көрсететінін қайтерсің.
Анада Атырау-Құрманғазы арасына пойыз шығару мәселесін көтерген азаматтар болды. Өтініш-хат облыстық «Атырау» газетінде жарық көрді. Елжанды жерлесіміз, белгілі сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың құлағына жетіп, айналысқан сыңайлы еді, әзірге нәтиже қай-қай жақтан да шықпай келеді. Аудандық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров та жұртшылыққа жаны ашып, тісін қайрап жүр деп естідік. Обалдары нешік, әрі-бері сабылып жүрген құрманғазылықтардың басындағы бүгінгі қиындыққа ортақтасқысы келетіндер бар ақ, бірақ пойыз шығарту мүмкін болмай келеді. Осы мәселеге ауданның басшы-қосшы билігі араласып, бедел салып көрсе деген өтініш екінің бірінің аузында жүр. Қысқасы, Құрманғазы – Атырау аралығына уақытша не түпкілікті пойыз қажет. Ал, аудан үстімен өтетін пойыздарға көбіне-көп билет жетпейді. Бағасы да кейбір пойыздарда 5 мың теңгеге дейін көтеріліп кетті. Таксишілердің бассыздығы анау, оларды бақылап жатқан ешкім жоқ. Ал, облыс орталығына шұбырынды жұрт көбеймесе, азаяр емес.
Алғабай Аязов,
Құрманғазы ауылы