Соңғы уақытта көлік жүргізушілері жасының жасаруы жиі байқалуда.
Тіпті кейбірінің жүргізушілік куәлігі жоқ. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары көптеп тіркелуде. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің жол және техника қауіпсіздігі инспекторы Асылбек Муфтахов мәлімдеді. Оның айтуынша, жол ережесін сақтамай, олқылыққа жол бергендер үшін ҚР ӘҚБтК-нің әр түрлі бабы бойынша жүргізушілерге 66 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Осыған орай, аудандық әкімдіктің кіші залында халықаралық Ақтөбе-Атырау-Астрахань және өңірге қарасты жолдардың жәй-күйімен, қысқа дайындығының деңгейін нақтылау мақсатында комиссия отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Сисатовтың қатысуымен өткен бұл жиынға комиссия мүшелерімен қоса, жол құрылысына жауапты мекеме басшылары да қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, баяндама оқылып, «Құрманғазы жолдары», «СинеМедиаСтрой» және «Бекет-Сәт-Жол» ЖШС өкілдерінен атқарылған жұмыстары туралы түсініктеме сұралды.
Барлық басшылардың сөзіне сенсек, олардың қаһарлы қысқа керекті құрал-жабдық пен материалдары толықтай дайын. Ал, полиция бөлімінің соңғы 11 айдағы тексеріс қорытындысына сәйкес, автожолдарға 112 және теміржол өткелдеріне 21 зерттеу актісі толтырыған екен. Асылбек Муфтаховтың айтуы бойынша, аудан аралық Теңіз, Бірлік, Сафон, Кудряшов, Жасталап,Шортанбай ауылдық округтерінің жол құрылысы аяқталса да, әлі күнге дейін оны күтіп ұстаушы мекеме анықтала қоймапты. Бұл ретте, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Руслан Сиражевке тапсырманы уақытылы орындамағаны үшін әкімшілік хат толтырылғанын атап өтті. Жиын соңында, Болатбек Сисатов шетелдік және такси қызметінде жүрген автокөліктерге арнайы заң аясында шара қабылдауды ұсынды.
Жайдарлым Қайреден