Жол апатын қайтсек азайтамыз?

(0 Votes)

Аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысын оның төрағасы, аудан әкімі Абат Жанғалиев ашып, күн тәртібінде бес мәселе қаралатынын жеткізді,-деп хабарлайды "Серпер" газетінің тілшісі Қанат Ғұмаров.

«Жол-көлік оқиғаларының жай-күйі туралы» мәселе бойынша Құрманғазы аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің басшысы Ерсін Ғайнетов хабарлама жасап, ағымдағы жылдың 11 айында аудан көлемінде 23 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 30 адам әртүрлі дене жарақаттарын алса, 12 адам қаза болғанына тоқталды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 14-тен 23-ке, жарақат алғандар саны 15-тен 30-ға, қаза тапқандар 4-тен 12-ге өсіп отыр. Мобильді радарларды (бинар) пайдалануға тыйым салынуына байланысты қазіргі уақытта аудан орталығында жүйіткіген автокөліктердің жылдамдығын анықтауға мүмкіншілік жоқ. Осыған орай, Құрманғазы ауылының Абай, Қыдыр ата, Ж.Нығыметов, Н.Манаев көшелерінде автокөліктер қозғалысының жылдамдығын анықтау үшін «Сергек» бейнебақылау камераларын орнату және Абай көшесінің қиылысына – 2 дана, М.Әуезов мектебінің қиылысына – 1 дана бағдаршам қондыру қажеттігі жөнінде аудан әкімдігіне бірнеше ұсыныс хаттар жолданған. Аудан әкімі Абат Жанғалиев, комиссия мүшесі, аудан прокуроры Абзал Сахиев тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берген аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Талғат Исаев жол бойына қазір 3 кибер-шериф шығарылып отырғанын жеткізді. Комиссия мүшесі, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин «Серпер» базары маңында көліктерді жаяу жүргіншілер жолына қоятынын, Атырау қаласына шыққан автобус қозғалатын асфальтталған арнайы орын қажеттігін алға тартты. Аудан прокуроры Абзал Сахиев жол бойына ауа райын, жылдамдықты көрсетіп тұратын LED экран қою қажет деген өз ұсынысын ортаға салды. Кейбір сұрақтарға Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, қатысып отырған кейбір бөлім, мекеме басшылары жауап қайтарды.

Келесі кезекте жол-көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Руслан Сиражев, пробация қызметтерінде есепте тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғаларды жұмысқа орналастыру және әлеуметтік қолдау көрсету жайлы аудандық пробация бөлімінің бастығы Артем Мырзабеков, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қатысты аудандық полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Жалғас Сдыхов, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша Орлы ауылдық округінің әкімі Жандос Бектеміровтің хабарламалары тыңдалды. Хабарламашыларға аудан прокуроры Абзал Сахиев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин, аудан әкімі Абат Жанғалиев және комиссияның басқа да мүшелері  тарапынан сұрақтар берілді. Соңында комиссияның 2025 жылға арналған жұмыс жоспары қабылданды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT