Жол ақысы көпшіліктің қалтасын қинап тұр

(1 Vote)

«Telegram» әлеуметтік желісінде соңғы күндері үлкен дауға айналған мәселе – "Құрманғазы-Атырау" жолындағы жолаушылар тасымалы жұмысына қойылған шектеу шаралары.

Көлікке екі жолаушыдан артық отыруға болмайды. Ал, көлік жүргізушінің талап ететін ақысы қарапайым халықтың қалтасына айтарлықтай ауырлық әкеледі. Түсініспеушілік тудырған түйткілді мәселенің жай-күйін тарқатуға тырысып көрдік.

Орталықтағы «Серпер» базарының көлік тұрағында адамның қарасынан көз сүрінеді. Біразының ұстанған бағыты - қалаға қолайлы жағдайда жету. Бірақ, оған баратын көліктерді табу да қиын, өйткені екі адаммен жүрістері өнбейді, сағаттап, тіпті күн санап күтуге тура келеді. Жолаушылардың түгелге жуығы жеңіл көліктің иелері адам басына 6 мың, жеті кісілік «Шаран», «Лада Ларгус» автокөлік иелері 9 мың теңге жолақы сұрап тұрғанын жеткізді. Шынында да, жолақы 3 мың теңгені құраған тұста төмендетуін өтініп жүрген қарапайым тұрғындарға бұл жағдайдың үлкен соққы боп тұрғанын жасыра алмаймыз.

Сол уақытта қалаға жүргелі жатқан соңғы көлікті тоқтатып, иесінен бағаны асыра өсірудің себебін сұрағанымда: « - Мен осы кәсібіммен отбасымды асырап жүрген жанмын. Бала-шағамның несібесі ұзақ жол жүріп, тапқан-таянғаныммен байланысты. Екі адамнан артық адам тасымалдауға болмағасын, сол отырған екі адамнан көлігімдегі бүкіл орын санына тиесілі ақыны сұрауға мәжбүрмін. Бұрынғы бағамен тасымалдайтын болсам, алатын ақшам жүретін жанармайымның да орнын толтырмайды. Жолға жөндеу жұмыстарының аяқталмауына орай, ойқы-шұйқы тұстармен былайша айтқанда «тар жол, тайғақ кешетініміз» тағы бар.»-деп басындағы жайтпен ашық бөлісті.

Осы мәселеге орай жергілікті полиция бөлімінің басшысы Тұрғали Жұмашевтің берген мәліметінше, бұл шектеу шаралары облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылдың 2 тамызындағы "Атырау облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін қосымша шектеу шараларын енгізу туралы" №60 қаулысына сәйкес орындалып отыр. Яғни онда «Қалалармен ауылдық елдімекендер арасында автобус тасымалы тоқтатылсын; Бетперде тәртібін сақтай отырып, тасымалдау салонында екі жолаушыдан немесе бір отбасы мүшелерінен аспайтын такси қызметінен басқа қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салынсын!» деп анық көрсетілген. Одан бөлек, сенбі, жексенбі күндері жеке автокөлік қозғалысына толықтай тоқтау қойылған.

Сондай-ақ Тұрғали Тұрғамбайұлы қандай шектеу шарасы енгізіліп жатса да, жеке басына немқұрайлы қарайтын тұлғалардың әлі де сиремегеніне қайран қалатынын айтты. Көлікте антисептиктің болуы түгілі, жүргізушінің өзі бетперде тағуды әлі дұрыс үйрене алмай келеді. Заңды түрде тіркелмей, салық төлемейтін автокөліктерге мүлдем арнайы жолаушы тасымалдауға рұқсат берілмеген. Алайда, оны да ескермей, ешқандай жауапкершілікті мойнына алмай, талай тәжірбиесіз жүргізушілер жол апатына ұшырап, қанша жанның өмірін қиюда. Қалаға қатынайтын жолда посттар қойылып, жүргізушінің құжаттары, санитарлық талаптарды сақтауы, соңғы қаулы негізінде көлікте артық адамның болмауын қадағалау барысына жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмылдырылуда.

Заң – баршаға ортақ. Ең басты байлық – денсаулығымыз үшін қаулы бойынша белгіленген талаптарды бұзбағанымыз жөн. Аты жаман індеттен аман шықсақ, аудан аумағындағы қатынасқа арнайы маршруттар ұйымдастырылатынын естіп, жүздеріне қуаныш ұялаған тұрғындардың ендігі бір тілегі - "Құрманғазы-Атырау" бағытына да тиімді бағамен тасымалдайтын автобустың шығарылуы. Діттеген мекенімізге дау-дамайсыз, көңіліміз жайлы боп барғанға не жетсін!

Еркеназ Қалижан

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521