Жолға қиыршық тас төсеу керек

(1 Vote)

Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшар есепті хабарламасында өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Аталған округте 44 шаруа қожалығы бар, олардың алтауы асыл тұқымды мал өсіріп отыр. Көптен айтылып жүрген мәселе шешіліп, «Сүйіндік асыл тұқымды қой зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  20 000 га жер учаскесін мемлекетке қайтарып, одан 6 шаруа қожалығы құрылған. Жаңадан шаруа қожалығын құрамын, ауыл шаруашылығын дамытамын деушілерге жайылымдық жер берілген.

Хабарламасының соңында шешімін күткен мәселелерден хабардар еткен округ әкімі Қанат Құлшар:

– Ауданға дейін автомобиль жолы болмағандықтан, қыста қалың қар, көктем мен күзде батпақ, жазда құм басқан қара жол арқылы қатынаймыз. Азғыр өңірінде орналасқан үш округ тұрғындарына өте қиын. Сондықтан, Азғыр өңірінің шекаралық аймақ екенін негізге ала отырып, шекараға жақын орналасқан елді мекендер халқын тұрақтандыру мақсатында ауданмен арадағы жолға қиыршық тас (шебень) төсеуді сұраймыз.  Бізге аудан орталығынан электр желісі тартылса дейміз. Сонымен қатар Асан елді мекенінен Жалғызапан елді мекеніне дейінгі аралықтағы электр желісі 1977 жылы жүргізілген, содан бері күрделі жөндеу жүргізілмеген, тозды. Оған күрделі жөндеу жүргізу қажет. Лабай ауылдық клубы 1972 жылы салынған, бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтпегендіктен 2013 жылы апатты жағдайда деп танылды. Қазіргі уақытта жұмыс жасап тұр, уақытында мәдени шаралар өтеді. Ауылға жаңа клуб керек. Жалғызапан ауылында фельдшерлік пункт болғанымен оның бөлек ғимараты жоқтығынан уақытша жаңа мектеп ғимаратында орналасқан. Ал, жаңа білім ұясы типтік жобадағы ғимарат, оған өзге мақсаттағы қосымша нысан кіргізуге болмайды. Сондықтан, биылғы 2021 жыл бюджетінен бос тұрған, сатылымдағы жеке тұрғын үйлердің бірін дәрігерлік пунктке сатып алып беруге ықпал етуіңізді сұраймыз, - деп балалар дәрігері (педиатор), акушер-гинеколог, хирург мамандар қажеттігін тілге тиек етті.

Ауыл тұрғындарынан Маннап Қажыбаев, Ақажан Хизин, Хансұлу Ақмалиева сөйлеп, ауылда дәріхана ашу, кәсіпкерлік жұмыстарын жандандыру, балалар ойын алаңын салу, Жалғызапан, Батырбек елді мекендеріндегі бос тұрған үйлерді сатып алып, фельдшерлік пункт ретінде пайдалану мәселелерін көтерді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521