Өткен сенбі күні кештіқұрым жаңбыр аралас дүлей дауылдың салдарынан аудан көлемінде бірқатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің шатыры ұшып кеткен жайлы ақпарат тарады.
Абыройы болғанда зардап шеккендер арасынан дене зақымын алғандар тіркелмеді. Дегенмен материалдық шығынға батқандар жетерлік. Оны келесі күнгі аудан орталығындағы құрылыс материалдарын сататын дүкендерге тұрған ұзын-сонар кезектен анық байқауға болады.
Жұмыс аптасының алғашқы күнінде аудан әкімі Қайрат Нұртаев, аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов, аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Өмірболат Есенғазиев және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ахат Ахбалин апат орындарын барып көріп, жағдаймен танысты.
Қатты жел Әуезов атындағы орта мектептің шатырын жартылай жұлып әкетіп, әудем жерге апарып тастағаны айтылды. Мектеп ауласындағы биік теректі түп тамырымен қопарып, электр бағандарын құлатып, сымдарын үзгені көрініп тұр. Қазіргі уақытта ұшқан металл жабындылар, ағаш қирандылар толықтай жиналып алыныпты. Мектеп директоры Марат Ғилаев 2014 жылы бастан-аяқ жөнделіп шыққан мектеп шатырының 448 шаршы метрі жарамсыз болғанын, сонымен қатар терезе әйнектерінің де сынғанын баяндады.
Котяевтегі шекаралық бақылау-өткізу бекетінің жылу қазандығы мен қызмет иттерін ұстайтын питомниктің шатыры жұлынғаны болмаса елеулі зиян келмегенін айтқан Байда ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиев ауыл ішінде де там-тұм үйлердің шиферлері кеткенін жеткізді.
Сафон ауылдық округіндегі Ф.Энгельс атындағы орта мектеп үйінің, қосалқы нысандарының шатырына 150 шаршы метрдей зақым келгенін мектеп директоры Сабыржан Жұпарғалиев, ал округ әкімі Роза Хамзаева жойқын желден бірқатар тұрғын үйлер зардап көргенін мәлімдеді. «Каспий таңы» ӨК-нің балық цехының төбе шатыры түгелдей ұшып кетіп, өз күштерімен жөндеп алып жатқанының куәсі болдық.
Бұл табиғаттың тосын «сыйынан» көп зардап шеккені Теңіз ауылдық округі болды. Мұнда округ әкімшілігі ғимараты, ауылдық клуб үйі, «Бекзат» мейрамханасы және жиырмалаған тұрғын үйдің шатырлары бүлінгені анықталды. Әсіресе, бұрыннан апаттық жағдайда болып келген бюджеттік мекемелер орналасқан ғимараттар алдағы уақытта пайдалануға мүлдем жарамсыз болып қалған. Мәселені зерделеген аудан басшысы Қайрат Талапұлы бюджеттік ұйымдарды шұғыл арада бұрынғы балабақша ғимаратына көшіруге ұсыныс берді. Ал, материалдық шығын көрген тұрғындарға анықталған зиян негізінде көмек қарастыруға жұмыстанатын жеткізді. Округ әкімі Анарбек Баймұханов ауылдағы кәсіпкерлердің, жастардың жинаған демеушілік қаражаттары есебінен ауылдастардың көмегі арқылы үйлердің шатырлары жөнделіп жатқанын айтты.
А.НӘЖІМОВ