Жұмыссыз жастар үшін үлкен мүмкіндік

(0 Votes)

Аудандық  орталықтандырылған  кітапханада  Wetalk  жастарға  берілген  мүмкіндіктерді таныстыру  мақсатында  кездесу  өтті. Кездесуге  спикерлер  «Атырау облыстық ішкі саясат  басқармасының  Азаматтық  орталығы» КММ  директорының  орынбасары Айымгүл  Қосалиева, «Отбасы  банк»  кеңесшісі  Аругүл Бекболат, «Жаныңдамын» қоғамдық  қорының  директоры  Мейрамгүл  Есниязова, аудандық  кәсіпкерлік  және  ауыл шаруашылығы  бөлімінің  бас  маманы Руслан  Қабдешев, аудандық  мансап орталығының  бас  маманы  Құндыз  Қабдолова  және  аудан  жастары  қатысты. Шараны  «Жаныңдамын»  қоғамдық қорының  директоры  Мейрамгүл  Есниязова жүргізді. 

Аудандық  кәсіпкерлік  және  ауыл  шаруашылығы  бөлімінің  бас  маманы  Руслан Қабдешевтің  айтуынша  мал, егін  өсірумен  айналысамын  дегендерге  Үкімет тарапынан қолдау  бар. Бүгінде   аудан  көлемінде  630-дың  үстінде  шаруа  қожалығы  болса, соның 50-і  егін, 480-і  мал  шаруашылығымен, қалған  бөлігі  басқа  да  кәсіппен айналысады. Жастар  20  бас  асыл  тұқымды  сиыр  алып, мал  шаруашылығымен  айналысса  900 мыңдай  субсидия  алады. Қой  малына  да  осындай  субсидиялар қаралған. Субсидия түрлері  және  қалай  алуға  болатыны  жайлы  айтып  өткен  спикер  жастар  өздеріне хабарласып  жатса  кеңес  беруге  дайын  екендерін  алға  тартты. 
«Атырау  облыстық  ішкі  саясат  басқармасының  Азаматтық  орталығы»  КММ директорының  орынбасары  Айымгүл  Қосалиева  өз  сөзінде  облысымыз  бойынша  758 үкіметтік  емес  ұйымдар  барын  және  19  бағытта  жұмыс  жасап  отырғанын  тілге  тиек етті. Мұның  141-і  аудандарда  орналасқан. Құрманғазы  ауданы  бойынша  10 ҰЕҰ бар. Солардың  ішінде  «Құрманғазы – туған жер»  қоғамдық  қоры  белсенді  жұмысымен танылуда. Спикер  одан  әрі  қоғамдық  қорлар  мен  бірлестіктерді  қалай  құруға болатыны, оны  ашқандар  мемлекеттік гранттар  мен  мемлекеттік  әлеуметтік тапсырыстарға  қатыса  алатындары  жайлы  әңгімеледі. 

Өз  кезегінде  аудандық  мансап  орталығының  бас  маманы  Құндыз  Қабдолова «Жастар  тәжірибесі», «Алғашқы  жұмыс  орны»  бағдарламаларына  тоқталып,  жұмысқа тұрғысы  келетін  жастарға  мемлекет  тарапынан  көптеген  мүмкіндіктер  бар  екенін жеткізді. Мысалы, бүгінде  жұмыс  өтілі  жоқ  жастарды  қызметке  қабылдаудан  бас тарту жиі  кездеседі. «Алғашқы  жұмыс  орны»  арқылы  жұмысқа  жіберілсе, 18  айға  жалақы төленеді. Сөйтіп,  жұмыс  өтілі  болады  және  ұнаса  сол  жерге  тұрақтап қалуына  жол ашылады. Кәсібімді  бастаймын  деген  18-35  жас  аралығындағыларға  Агронесие корпорациясы  арқылы  жоғары  сомасы  5 млн. теңге  көлемінде  бизнеске бес, мал шаруашылығына  жеті  жылға 2,5%-бен  несие  де  беріледі. 

«Отбасы  банк»  кеңесшісі  Аругүл  Бекболаттың  мәлімдеуінше  мемлекеттік банктің  негізгі  миссиясы – тұрғын  үймен  қамту. Оған  қол  жеткізу  банктен  депозит  ашу арқылы  жүзеге  асады. Спикер  депозиттердің  түрлеріне  қысқаша  тоқталып  өтті. Тиімдісі – аз  қамтылған, жертылай  жетім  және  мүгедек  бала  асырап  отырған отбасыларынан  шыққан  жастардың  пәтер  жалдау  ақысының  50  пайызын  мемлекет төлейді. Ол  үшін  пәтерін  жалға  беруші  жеке  кәсіпкер  ретінде  тіркелген  болуы  тиіс. Ұзақ  мерзімді  депозитке  мемлекет  20%, банк  2% сыйақы  қосып  отырады. Депозитке айына  5-10 мың  теңгеден  салып  отырса  да  болады. Одан  әрі  «Отбасы банк» кеңесшісі  Аругүл  Бекболат  қатысушылар  тарапынан  туындаған  сұрақтарға  жауап қайтарды. Аталмыш  кездесуді  «Жаныңдамын» қоғамдық  қорының  директоры Мейрамгүл  Есниязова  қорытындылап,  оны өткізуге  мүмкіндік  туғызған  аудан  әкімдігіне,  аудандық  Жастар  ресурстық  орталығына,  аудандық  орталықтандырылған кітапханаға  ризашылығын  білдірді.    

Қанат  ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521