Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жұмысшы мамандықтары жылын» жариялауы – дер кезінде қолға алынған бастама. Бүгінде ауылда да, қалада да кәсіби мамандардың жетіспейтіні анық байқалып отыр. Мысалы, құрылысшы, механизатор, мал дәрігері, инженер сынды салаларға сұраныс өте жоғары. Бірақ жастардың көбі бұл мамандықтарға барғысы келмейді, жеңіл әрі тез табыс табуды көздейді. Бұл – уақытша ғана пайда әкелетін жол.
Шын мәнінде, елдің дамуы – нақты өндіріс пен еңбектің арқасында жүзеге асады. Жастарымызды қолмен істейтін жұмыстан қашпай, нағыз кәсіби шебер болуға тәрбиелеуіміз қажет. Ол үшін мемлекет тарапынан жұмысшыға лайықты жалақы төленіп, әлеуметтік жағдайы жасалса, ауылдағы да, қаладағы да жас мамандар өз саласына бет бұрады деп сенемін.
Президенттің бұл бастамасы жұмысшы мамандығына деген көзқарасты түбегейлі өзгертеді деп ойлаймын. Өйткені еңбек адамы – елдің тірегі. Біз, ардагерлер, жас ұрпаққа еңбекке адал болуды, туған жердің дамуына үлес қосуды әрдайым насихаттап келеміз.
Жұмақай Ғұмаров, Құрманғазы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы