«Жұмекен жырлары – ғасыр үні»

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде мақтан тұтар жерлесіміз, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, Әнұранымыздың авторларының бірі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты облыстық конференция өтті.

Конференция жұмысына Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының бөлім басшысы Самал Құмарғалиева, облыстық мемлекеттік архив басшысының міндетін уақытша атқарушы Баян Әміржанова, орынбасары, белгілі журналист Тұрсын Қалимова, ҚР Ұлттық архив қорын сақтауды қамтамасыз ету және мемлекеттік есепке алу бөлімінің басшысы Материя Каналиева, архивисі Бұлбұл Темірова, құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Райса Тастемірова, ұлттық архив қорын толықтыру және ведомстволық архивтермен жұмыс бөлімінің басшысы Райхан Жұмағазиева, архивисі Ақмарал Жұмабекова, ақпараттық технологиялар, мемлекеттік қызмет көрсету бөлімінің басшылары Рауан Досжанова, Анаргүл Зинуллина, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Сайпулла Сапанов, қауымдастырылған профессоры Бибігүл Хайржанова, шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Мәншүк Бисенғалиева, қалалық архив филиалының басшысы Ақжарқын Жұмабаева, тарих ғалымдарының докторы, профессор Аққали Ахмет, Жылыой, Индер, Исатай, Мақат, Махамбет, Қызылқоға аудандарының архив филиалдарының басшылары, архивистері, округ әкімдері, аудан тұрғындары, мектеп оқушылары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Оқушылар Жұмекен өлеңдерін оқып, Әнұранымыз орындалды.

Алдымен Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасы Атырау облыстық мемлекеттік архиві ұйымдастырған «Қошалақтан шыққан қазақтың Жұмекені» атты көрме тамашаланды. Мұндағы ақын өмірі мен шығармашылығынан сыр шерткен 40-қа жуық жәдігерлер мен фотоларды Атырау облыстық мемлекеттік архивінің құжаттарды пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы Райса Тастемірова таныстырып, әсерлі әңгімеледі. Шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тілеп, аудан әкімінің Алғыс хатын  Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжанов, облыстық мемлекеттік архив басшысының міндетін уақытша атқарушы Баян Әміржановаға табыс етті.

Конференцияның ресми бөлігін модератор - спикер, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Атырау облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Қалимова жүргізіп: – Атырау бойы Еділ мен Жайық арасы – Қазтуған мен Доспанбеттің, Шалкиізбен Жиенбеттің, Махамбет пен Мұраттың, ұлы бабаларымыздың дәстүрін жалғастырған Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Хамит Ерғалиев, Фариза Оңғарсынова, Жұмекен Нәжімеденов сынды ізбасарларының кіндік қаны тамған киелі топырақ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әдебиетті қолдауға ерекше мән беріп келеді. Оның сөздері мен бастамалары ұлттық әдебиетті дамытуға бағытталған нақты қадамдармен көрініс табуда. Жұмекен Нәжімеденовтің есімі бүгінде рухы жаңғырып, санасы кемелденген тәуелсіз еліміздің өткенін ардақтап, қазақ елінің мақтанышы болған ұлы тұлғасы ретінде ешқашан ұмытылмайды. Бүгін ақынның туған топырағында өтіп отырған «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты конференция соның айғағы. Қастерлі бабалар рухын ұлықтар ізгілікті, ілтипатты ұрпақтың қатары көп болғай! – деп конференцияға қатысушыларға алғысын білдіріп, баяндамашыларға кезек берді. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Сайпулла Сапанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті кітапханашысы, Қошалақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы, Жұмекентанушы Есмұхан Жанизин, жоғарыда аталған университеттің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғалымдарының кандидаты Бибігүл Хайржанова, тарих ғылымының докторы, профессор Аққали Ахмет, Атырау облыстық мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Қалимова өз баяндамаларында кеңестік идеология және Жұмекен феномені, ақынның романдарындағы кейіпкерлер прототипі, туған жер тақырыбы, ойшылдығы мен таланты жайлы әсерлі әңгімеледі. Ақынның бала кезден бірге өскен досы Ғалымжан Жұбанғалиев Жұмекен Алматыға кетерде өзінің ер-тұрманын сыйға тартқанын, оны көзінің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқанын айтып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Атырау облыстық мемлекеттік архив басшысының міндетін уақытша атқарушы Баян Әміржанова конференцияны өз деңгейінде өткізген аудан әкімдігіне, аудандық ішкі саясат бөліміне, аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйіне алғысын айтып, Алғыс хатын ұсынды. Шара барысында аудан өнерпаздары музыкалық нөмірлер орындап, көрермен ықыласына бөленді.

Конференция түстен кейін Атырау облысы мемлекеттік архиві ұйымдастырған семинарға ұласып, оған аудандық филиалдың дереккөзінде бар ведомоствалық мекемелердің архивистері қатысып, күнделікті жұмыс барысына қатысты кеңес, өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT