Аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде ақиық ақын, Әнұранымыздың авторларының бірі – Жұмекен Нәжімеденовтің туған күніне орай «Жұмекен оқулары» атты көркемсөз оқушылардың аудандық байқауы ұйымдастырылды.
Мақсаты – Ж.Нәжімеденовтің әдеби мұрасын халықтың, әсіресе жастар арасында насихаттау, оның шығармалары арқылы жас ұрпақты адамгершілікке, ұлттық рухты асқақтатуға, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Шараға Еңбекші, Жаңаталап,Бөкейхан, Құрманғазы, Шортанбай, Асан, Бірлік, Сафон, Көптоғай, Орлы, Ақкөл, Нұржау ауылдық округтерінен 19 оқушы қатысты. Байқау ақынның поэзиялық және прозалық шығармаларынан үзінді оқыған екі бөлімнен тұрды. Оқушылардың бір-екеуінен басқасының деңгейі қарар болғандықтан әділқазылар жинаған ұпай санымен бағалады.
Нәтижесінде І орын Асан ауылдық округінен келген Қуаныш Жұмабайға тиді. Екінші орынды нұржаулық Сымбат Салауат иеленді. Үшінші орынға құрманғазылықтар, аудандық Оқушылар үйі мен З.Серікқалиев атындағы мектеп-интернаттың оқушылары Назерке Тоқтар мен Жанерке Мұхтарова, ақкөлдік Аянат Ешмұрат лайық деп танылды. Қалған қатысушыларға дипломдар табыс етілді.
Қанат ҒҰМАРОВ