Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауы үшін арнайы квота бөлуі қажеттігін айтып, Үкіметке осы міндетті орындау барысын қадағалауды тапсырған еді.
Осыған орай Қазақстанда мүгедек жандардың құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар жасалды. 2022 жылы Президентіміз «Мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» заңға қол қойды.
Мүгедектікті ешкім сұрап алмайды. Адам өмірінің өзі түрлі сынықтардан тұрады ғой. Оның бәрінен қайыңдай беріктік танытып, сексеуілдей сынбай өту – нағыз ер азаматқа ғана тән нәрсе. Жігерлі жандарды тағдыр соққысы жасыта алмайды. Сағы сынбайды. Мойымайды. Керісінше қажыр-қайратын қайрай түседі. Олар қиындықтан шығудың жолын іздейді. Тауып та жатады. Мұндай адамдардың басқа түскен қиындықтармен күресін ерлікке балаймыз. Себебі, ол он екі мүшесі саулардың да қолынан келе бермейді. Кепкен қурай сияқты морт сынып, суицидке баратынын көріп жүрміз.
Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері, І топ мүгедектігі бар Бейсенбай Әжіғалиевті нағыз азаматтардың қатарына жатқызамыз. Жігерлі жігіттердің жасымайтынын ісімен дәлелдеп жүр. Басына түскен қиындыққа қарсы тұрып, бүгінде жолаушы тасымалымен айналысып, отбасын асырап жүр. Қол-аяғы балғадай, тепсе темір үзетін жаста бола тұрса да жұмыс жоғын сылтауратып, масылдыққа салынғандарға үлгі етуге тұрарлық жан. Қиындыққа мойымай, Бисенбайға ұқсап намазын оқып, тілегін тілеп, көлігін жүргізіп жүргендерге Алла Тағала қолдау білдіретіні анық. «Ниетке амал сай болса ғана іс алға басады», дейді ислам. Яғни, «алма піс, аузыма түс», деп жатпай, алуға әрекет етсең оған қолың жетеді.
Бейсенбай 1985 жылы 12 желтоқсанда Орлы ауылында дүниеге келді. 2003 жылы Манаев орта мектебін бітірді. Білім ұясынан қанат қаққаннан кейін балық қорғау саласының оқуына түсті. Сырттай оқып, білім алды. Тәмамдаған соң ол салада жұмыс болмағаннан кейін Атырау мұнай өңдеу зауытына орналасты. Онда тұрбаларды қаптау саласында жұмыс жасады. 2007 жылы отбасын құрды. Жолдасы Динара Ерболатқызы иманжүзді, тәрбиелі адам болып шықты. Мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, Ломоносов орта мектебінде сабақ береді. Бүгінде азаматымен бірге бір ұл мен бір қыз тәбиелеп отыр. Үлкені 9, кішісі 7 сыныпта оқиды.
Бейсенбай 2008 жылы теміржол саласына ауысты. Атырау облысы бойынша машинистің көмекшісі қызметін атқарды. Өзін жақсы жағынан көрсетіп, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарап, еңбекқорлығымен танылды. Сол себепті мекеме басшылары сала бойынша жоғарылату мақсатымен оқуға жіберді. Ақтөбе облысында оқып, қосымша орта білім алып, біліктілігін арттырды. 6 ай оқып келген соң Ақкөл ауылында 2009 жылға дейін еңбек етті. 2009 жылы тағы да 6 айға машинист оқуына жіберіп, оны Ақтөбе қаласынан тәмамдады. Бірақ, алда не күтіп тұрғанын бір құдайдан басқа ешкім білмейді ғой. Ертеңгі күн біз үшін бұлыңғыр. Маңдайға жазылған тағдырымызға қарай кейде алға қойған мақсат-мұраттарымыз орындалмай да жатады. Өстіп, қол қусырып отырмай, ел қатарлы абыройлы еңбек етіп жүрген жас жігіттің өмірі аяқ астынан күрт өзгерді.
–2011 жылы машинист болып жұмыс жасап жүрген уақытымда қатты ауырдым. Жұмыстан келіп үйде демалып жатқан уақытымда инсульт алып, екі аяғым мен екі қолым толықтай жұмыс жасамай қалды. 2012 жылға дейін төсек тартып жаттым. Орнымнан қозғала алмадым. Динараның көмегі көп болды. Қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, жер-жерге апарып қаратқан жолдасымның күтімінің арқасында қоларбаға отыратын жағдайға жеттім. Мүгедектікке ұшырағаннан кейін ешқайда шыққың келмейді екен. Ортадан бөлектенгенді қалайсың. Бір жерге қонақтыққа шақырса, жолдасымды жібергім келеді. Динара болса мені тастағысы келмей қалайда өзімен ертіп кетеді. Шеттеп қалуыма жол бермейді. «Мен жалғыз емеспін. Сен бармасаң, менде бармаймын», деген соң көнемін. Көтеріп көлікке салып алады. Барған жерде жігіттер түсіріп, қоларбаға отырғызады. Сөйтіп, жақсылықтарға барып қайтамыз. Ауруға ұшырағанға дейін көлігім болды. Мен төсекке таңылып жатқанда көлігім гаражда тұрды. 2006 жылы жүргізушілік куәлігін алдым, содан бері техниканы жақсы білемін. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа ала бермейді ғой. Содан кейін қарап жатпайын, бір әрекет жасайын деген ойға кеттім. Көлікті жүргізейін деген ниетпен 2015 жылы Ресейдің Астрахань қаласына барып қолмен басқаратын қылдым. Осыдан кейін таксилікпен, жолаушы тасымалымен айналыса бастадым. Аудан ішіне жүремін. Жолаушылар индрайвермен шығады. Бұған қосымша жігіттердің көліктерін қарап беремін. Ток жағын жақсы білемін. Жолдастарыма рахмет, талай көмектесті. Әлі қолдан келген көмектерін көрсетуде. Биыл көктемде жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, ол жақтан «Бизнес-бастау» жобасы бойынша грант алғым келген. Киімдерге ұлттық нақышта сурет салу, үлкен ғұламлардың нақыл сөздерін жазу бойынша бизнес-жобамды ұсындым. Бірақ, онымен өтпей қалды. Алға қарай автокөліктің электр жабдықтарын, яғни, ток жағын қарайтын техникалық қызмет көрсету орынын ашу жоспарымда бар. Соған грант алуға қатысып қараймын, – дейді Бейсенбай.
Бір жақ қолы әлі де дұрыс жұмыс жасамайды. Жұбайы немесе ұлы таңертең көлігіне көтеріп мінгізеді. Содан кейін таксишілік қызметі басталады. Бизнес-жобасы өтпей қалғанын естіген жұбайы Динара: «Ештеңе етпес! Қажет болса, ондай қызмет орынын ашу үшін банктен несие алып беремін», деп қолдау білдірген екен. Қадыр ауылындағы көп пәтерлі үйден баспана бергенде онда мүгедектерге арналған пандус та болмапты. «Өздерің салып алыңдар», деген көрінеді басында жүрген басшылар. Оны қайын атасы Ерболат орнатып берген. Жалпы сөз басында келтірілген «Мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту туралы» заңға сай Бисенбай қолдаудан шет қалмауы тиіс. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі аудандық комиссия осыны ескергені жөн. Техникалық қызмет көрсету орынын ашамын деген мүмкіндігі шектеулі жанға грант берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Ауданымызға ол артықтық етпейді. Жаңа жұмыс орыны ашылады. Мүгедектігі бар басқа да адамдар Бейсенбай Әжіғалиевке қарап бой түзеуі мүмкін.
Қанат ҒҰМАРОВ