Аудан әкімі Қайрат Нұртаев егін өсірумен айналысып отырған Еңбекші ауылдық округіндегі «Сандуғаш», «Қадыров Н», Теңіз ауылдық округіндегі «Сұлтанғалиев Т» шаруа қожалықтарында болып, жағдайларымен танысып, шешімін күткен қандай мәселелері барын білді.
«Сандуғаш» шаруа қожалығы 15 гектар жердің жарты гектарына қырыққабат, бір гектарына қияр, қарбыз, қауын және басқа да көкөніс түрлерін салыпты. Аудан әкімімен әңгімесінде қожалық иесі Асылбек Еділбаев: – Науқан кезінде 20-25 адамды жұмыспен қамтимыз. Егістікті 10 жылдан бері тамшылатып суарумен айналысамыз. Жалпы жүз гектар жеріміз бар. Жылда жаңа жерге егеміз. Демалтып алмаса болмайды. Өйтпесе арамшөп басып, тың жерге екпеген қызан мен қауын ауырады, -деді.
«Қадыров Н» шаруа қожалығы да 15 гектар жерге қауын, қарбыз егіпті. Мұнда да көкөніс тамшылатып суарылады. Қожалық жетекшісі Нұрлығилым Қадыров егістікті өз отбасы мүшелерімен баптауда. Біз барғанда піскен өнімді жинау жұмысы қызу жүріп жатыр екен. Дәм татуын өтінген соң қауын мен қызаннан ауыз еттік. Екеуінің де дәмі керемет. Шаруа қожалығының жетекшісінің баласы Бауыржан Қадыровтың айтуынша ауылдан жұмысқа келгендер күніне 2500 теңге сұрайды. Оны да төлеуге келісер еді, алайда жұмыс істегеннен гөрі көзді бағып, қарап жүріп ақша алғанды қалайтындар көп. Аудан әкімі Қайрат Талапұлы егін басындағы әңгімеде біраз жайттарға қанығып, кейбір мәселелерді шешуге көмектесетінін жеткізді.
Теңіз ауылдық округіндегі «Сұлтанғалиев Т» шаруа қожалығының басшысы Теміртас Сұлтанғалиев ағамыз жайқалтып бақ та өсіріп қойыпты. Алманың түрлі сорттары, өрік, айва және басқалары, барлығы 70 шақты терек жайқалып тұр. Бұл ағаштардың отырғызылғанына көп болмағаны бойларынан байқалады. Біразы жеміс беріпті. Жалпы жеміс теректері көп күтімді қажет етпейді. Жиі суарса биіктеп өсіп, мол өнім беретінін білеміз. Бұл бақ та енді үш-төрт жылда еңбекті ақтайтыны анық. Теміртас ағамыз аудан әкімі Қайрат Талапұлымен әңгімесінде әзірге оның өнімін сатуға шығармай, өздері тұтынып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар шығымын байқап қарау ниетімен біраз жерге жүгері де егіп тастапты. Ол да адам бойымен бірдей болып, жемісін беріп жатыр. Қожалық иесі «Жайық-Каспий бассейіні» мекемесінен рұқсат алып, өз күшімен егістікке дейін ұзындығы 250 метр канал қазып, мотор қойыпты.
– 3 гектар жерге егін салып отырмын. Молдауы қауын, қарбыз. Алайда кейбірі дұрыс өспей тұр. Мұның себебі дәннен дейді кейбір адамдар. Қарбызды талай өсіріп жүрмін, «Холодок», «Дагестанский», деген сұрыптары жақсы. Олар көпке дейін сақталады. Соңғы кезде шыққан сұрыптарының бір кемшілігі жылдам піскенімен, тез бұзылады. Сосын тағы бір айтарым қазір жайылымдық жерді ошаған басып кетті. Мал жайылмаса жіңішке болып өседі. Егер мал арасындағы шөбін жесе, жуандап кетеді. Сосын басқа шөп шықпайды. Осының бір шарасын алған дұрыс, - деді Теміртас Сұлтанғалиев аудан әкімі Қайрат Талапұлымен әңгімесінде.
Қайтар жолда аудан әкімі Қайрат Талапұлы жол құрылысының басында болып, жолшылардың жұмысына біраз сын-ескертпелер жасады.
Қанат ҒҰМАРОВ