Жетістіктеріміз көп, кемшіліктеріміз де жоқ емес

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаеваның тұрғылықты халық, ата-аналар қауымдастығы және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен есептік кездесуі өтті.

Кездесуге сонымен қатар аудан әкімінің орынбасары Өркен Тәжібаев, округ әкімдері, мектеп директорлары мен ұстаздар да қатысты. Атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер, алда тұрған міндеттер жайлы жасаған хабарламасында Гүлфара Өтемісқызы: – 2019 жылы Ақкөл ауылдық округінде 290 орындық балабақша құрылысы салынуда.

i

Аталған балабақша іске қосылған жағдайда 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту көрсеткіші 100, ал, 1-6 жастағылар бойынша 60 пайызға жетеді деп жоспарлануда. Жаңаталап ауылдық округінде 140 орындық балабақша құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыруға құжаттама дайындылуда. Аудан бойынша 22 балабақшаның 14-і типтік, 8-і бейімделген. Ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. 12-сі бойлер арқылы ыстық сумен қамтылған. Биылғы жылы Уалиханов, Нәжімеденов атындағы негізгі орта мектептердің құрылыстары аяқталады, теңгерімге алу жөніндегі құжаттары жасақталуда, - дей келе Алтынсарин, Манаев, Нұржау орта мектептерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысынан хабардар етті.

i

Бөлім басшысының айтуынша 2018-2019 оқу жылында аудан мектептерінде оқыған 9948 оқушының білім сапасы 53,1%. Жыл ішінде 292 оқушы, 116 мұғалім облыстық шаралардан жүлдегер атанса, оның ішінде республикалық байқаулар мен семинарларға 23 оқушы, 3 мұғалім және 24 оқушы мен 2 мұғалім қатысып марапатталған. Халықаралық деңгейде өткізілген олимпиадаға аудан бойынша 5 оқушы қатысып, мемлекеттік грант иегерлері атанған

Хабарлама тыңдалған соң қатысушылар ҰБТ қорытындысы, үш тілде оқытатын мектептер, дәптермен қамту, Жамбыл ауылынан балаларды тасымалдау, бөлім жанынан цифрландыру бойынша бөлек штат ашу жайлы сұрақтар қойды.

i

Жарыссөзде Орлы ауылдық округінің әкімі Асқар Мұфтах: – Жаңаталап ауылдық округіндегі Дәулеткерей өнер мектебінің бізде филиалы бар. Соңғы 3-4 жылда оқушылар түрлі байқауларға қатысып жақсы нәтижелерге жетіп жүр. Алматыға дейін барып Гран-при алғандары да жоқ емес. Осы оқу жылында мектепте жөндеу жүруіне байланысты клубтың фоэсінде, ардагерлер бөлмесінде жер-жерде оқыды. Аудан әкімі округті аралағанда босаған медпункттің ғимараты ішінде 1 қыркүйектен бастап музыка мектебінің филиалын ашу іс-шаралар жоспарына енгізілді. Бұл мәселе әлі шешімін таппауда. Осыны облысқа дейін шығып шешіп берсеңіздер. Жақында болатын сессияда ақшасы қаралуы қажет. Екінші мәселе балабақша салу. Қазір 1969 жылы салынған ғимаратта отыр. Күні кеше бұрынғыша айтқанда санэпедстанса келіп 200 мың теңгенің үстінде айыппұл салып кетті. Сондықтан 160 орындық балабақша салу қажеттігін 2-3 жылдан бері айтып жүрмін, осы тиянақсыз қалуда. Бүгінде 68 бала кезекте тұр. Үшінші мәселе Манаев орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары. Әлі тендердің қорытындысы шыққан жоқ. Мамыр айында жел ұшырған шатыры солай жатыр. Кешегі қатты жаңбырда төбеден аққан су екінші қабаттан біріншісіне дейін жетті. Жаңадан сатып алынған химия, физика, биология кабинеттері бүлінуге дейін барды. Қыркүйекке дейін бітпей қала ма деген уайымдамыз, - деп шарасын алуды сұрады.

Аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Болат Бидоллаев: – Есепті хабарламаны тыңдап істелген жұмыстар жөнінде біраз мағұлматтар алдық. Мен 2017 жылы республикалық ІІ әкелер форумына қатысқан болатынмын. Облыс көлемінде өтіп жатқан семинарлар мен тренингтерге әкелеріміз жақсы қатысады. Бірақ өзгелері белсенді ата-аналардың тасасында қалып жатыр. Соларды мектептерде өтетін шараларға тартуды көбірек ұйымдастыру қажет. «Өзгізге туған күн бұзауға да туады», дегендей, өз балаларым ҰБТ тапсыруға жете қоймағанымен осы жайлы сөз қозғағым келіп тұр. Негізгі пән мұғалімдеріне қосымша уақыт беріледі. Оқушы мектеп бітіріп кеткенімен мұғалім қалады. ҰБТ-да шектік баллды жинай алмаса сол мұғалімдерден жауапкершілік неге сұралмайды? Сонымен қатар бізде психолог мамандардың жұмысы да ақсап тұр, оны да жандандырған жөн, - деген ұсынысын ортаға салды.

Аудандық ата-аналар кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова – Аудандық білім бөлімі басшысының есебіне қанағаттанарлық деген баға беремін. Көптеген жұмыстар атқарылуда. Менің ұсынысым бұл үлкен сала болғандықтан міндетті түрде заңгер штатын енгізу керек. Себебі ұстаздар, мектеп басшылары, ата-аналар заң саласында жіберілген олқылықтардан әлі күнге зардап шегіп келесіздер. Жұмыстарыңыздың заңға тірелетін жерлері өте көп. Мүмкін мұны жүзеге асыру үшін бір-екі штатты қысқарту қажет болар, - деп бөлімнің жұмысына сәттілік тіледі.

i

Аудандық білім бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлығайын Нұғыманов: – Білім саласы қиындығы мен бейнеті жеткілікті, көптеген сынға ұшырап жататын үлкен сала. Гүлфара Өтемісқызының оны алға бастырамын деп тынымсыз жұмыс жасап жүргеніне куәміз. Атқарылған жұмыстар бар, бірақ кемшін тұстары да жоқ емес. Ардагер ұстаздар басымыз қосылған кезде осыған қынжылыс білдіреміз. Бізді «Неге бұлай? Алға қарай қалай болады?», деген сұрақтар толғандырады. Манаев орта мектебінің биылғы жылы да жөнделіп бітпейтіні көрініп тұр. Сыныптарды біріктіріп қуыс-қуыста оқып шықты. Мұның білім сапасына да әсері мол. Өткенде дарында балалардың слетінде біздің ауылдың оқушылары көрінбегенін көріп: «Егер мына жөндеу жұмыстары уақытында біткенде олар да осы қатардан табылатын еді», деп күйзелдік. Бұл жұмыстарға қалай қозғау салуға болады? Әлде ауданның ардагерлері мен мұғалімдер бірігіп министрге, президентке шығамыз ба? Алақандай мектептегі 2 жылға созылған бұл неғылған бітпейтін күрделі жөндеу?

Қ.Ғұмаров

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT